Құқық қорғау органдары

Полицейлер мен кәсіпкер көлігі аударылып қалған жүргізушіге көмек көрсетті

СҚО-да полицейлер мен кәсіпкер көлігі аударылып қалған жүргізушіге көмек көрсетті.

Азық-түлік тиелген шағын жүк көлігі ауыл жаққа бара жатқан. Нөсер жауынның салдарынан жол лай-батпаққа айналып, жүргізуші рөлге ие бола алмай қалыпты. Сергеевка-Ступинка бағытында келе жатқан көлік бір жақ бүйіріне бүк түсіп, жолдың ар жағына жылжып кеткен. Бұны патрульдік полиция батальонының инспекторлары Ерболат Шайынов пен Қуандық Тоқбаев көріп қалады. Тәртіп сақшылары бірден ауыр техникасы бар жергілікті кәсіпкер Дмитрий Мамонтовты көмекке шақырады. Ақыры көптің күшімен көлік төрт дөңгелегіне нық тұрғызылды. Жүргізуші аман. Жүкке де аса зиян келмеген.