Ауыл шаруашылығыҚоғам

Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін дөңгелетіп отыр

Кеңес Көкиевтің Қамбар ата төліне деген махаббаты ерекше. Жас кезінен жылқы баптағандықтан, жануардың тілін ол жақсы түсінеді. Сондықтан, ата кәсіпті өмірлік ісі ретінде таңдап, отбасылық бизнеске айналдырыпты. Биелер темірдей тәртіпке әбден үйренген. Олар күні бойына жайлауда жайылады да сауынның уақыты жақындағанда шашпаға жиылады екен. Тәулігіне 5 мәрте сауылатын жылқылар барлығы 80 литрге жуық сүт береді.

Бүгінде жанұяның дайындайтын дертке – дауа, жанға шипа қымызына деген сұраныс жоғары. Ерекше танымалдылыққа құрамында 80-ге жуық биологиялық белсенді қоспасы бар саумал да ие. Табиғи таза сусындарды алу үшін қызылжарлықтармен бірге, тіпті өзге аудан тұрғындары да жыл он екі ай Бескөлге ағылады екен.

Кеңес Көкиев – “Көкиев” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Жылдың 3 уақытында 3 бөлек биелер сауа аламыз. Бұрын жазда сауып, күзде қоятынбыз. Қазір ақпаннан күзге дейін сауамыз. Қыркүйектен қысқыға байлаймыз. Кеш құлындатып, қысқыға құлындатамыз. Сонды жыл бойына жұмыс үзілмейді.

Отбасылық бизнесті Кеңес Көкиев 2010 жылы бастаған. Азамат 1 млн теңге несие рәсімдеп, 3 биені сатып алуға бел буыпты. Содан бері ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына іскер жан тағы 3 мәрте жүгінген. Қарызға алған қаражаттың барлығын малдың басын көбейтіп, кәсіпті кеңейтуге жұмсаған екен.

Кеңес Көкиев – “Көкиев” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Тиімділігі сол – несие 6 жылға беріледі. Бір жарым жылдық каникулы да бар. Біз оны кейде жарты-ақ жыл пайдаланамыз. Пайда жақсы түсіп отырғанда тезірек жабуға тырысамыз. Есесіне кейін несиені оңай аламыз.

Мұндай мүмкіндікке Кеңес Көкиевтен бөлек, 360-қа жуық жерлесіміз қол жеткізген. Солтүстікқазақстандықтардың дені тиімді несиені өсімдік және мал шаруашылығын жүргізуге алады екен. Араларында, әрине, ателье, сұлулық салоны, дәмхана ашатын жандар да кездеседі. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бұл жобаларды іске асыруға азаматтарға жыл басынан 1,3 млрд теңге көлемінде қарыз беріпті. “Еңбек” бағдарламасы аясында кәсібін дөңгелетемін деген тағы 200 теріскейлік 2020-ның соңына дейін жеңілдетілген кредитке үміт арта алады.

Абылай Нұркенов – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚОФ директоры:

– “Еңбек” бағдарламасы бойынша несие алу үшін біраз талап бар. Несие тарифі таза болуы керек, салық органдарына берешектері болмауы тиіс. Несие алғанда тағы кепілзат қойылады. Ол – жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік.

Іскер жандарға несие 6 пайыздық жылдық үстемеақымен беріледі. Бірақ, биылдан кей санаттағы тұрғындар үшін ол тіптен төмендеді. Көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған жанұя өкілдері кредитті 4 процентпен рәсімдей алады.

 

Эльмира Садвокасова