Қоғам

Күнгейден теріскейге қоныс аударған жанұяның тұрмыс-тіршілігі

Шырайлы Шымкенттен аязды Солтүстікке. Марат Сүйінбаевтың отбасы Есіл ауданындағы ЧИриковка ауылына қоныс аударғалы – 1,5 жыл.

Марат Сүйінбаев, қоныс аударушы, Есіл ауданы:

– Жер ауыстырайық деп, жас отбасы болғандықтан бөлек кеттік.

Балалар кішкентай, жат жер, қысы қаһарлы, туған-туысқан жоқ – көшкен дұрыс па, жоқ па?! Қоныс аудармас бұрын бәрін таразыға салып, біраз ойландық дейді отанасы. Ал бел буып келгеннен кейін бір сәтке де өкінбеген, жаңа орта жылы қабылдап, жаңа қоныс құтты болса керек.

Сымбат Қарбазова, қоныс аударушы, Есіл ауданы:

 – Адамдар өте жақсы, көп көмектесті. Біреуі ағамыздай, біреуі әпкеміздей болып кетті. Бәрімен жақсы араласамыз. Қыста тұзалған қияр мен тосап толы банкілерді берді, тамақ, сүт берді, өйткені біз қыста келіп, желтоқсанда осы үйге қоныстандық.

Марат пен Сымбат 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр. Балалардың алды 4-ке шықса, кенжесі 1-ге енді толды. Ауылда балабақша да, мектеп те бар, әйтеуір. Қоныс аударған соң әр отбасы мүшесіне 35 АЕК көлемінде субсидия төленген, ал 2 айдан соң жас отбасы жап-жаңа үйге кіреді.

Марат Сүйінбаев, қоныс аударушы, Есіл ауданы:

 – Үйді келісім-шарт бойынша бес жылға жалға алып отырмын. Ай сайын жалға алу ақысын төлеп отырамын. Келешекте осы үйді өзіме қалдырғым келіп отыр, осындай жоспарым бар.

Бұл жоспарды жүзеге асырмаққа отағасы бизнес ашпақшы. Қарызға 6 млн ақша алып, 6 ай карантинде Марат мына нысанды өз қолымен тұрғызған. Бұл – болашақ дүкен мен жазғы дәмхана.

Марат Сүйінбаев, қоныс аударушы, Есіл ауданы:

– Жақын жерде дүкен жоқ, бәрі алыста, сондықтан тиімді деп осы жерде ашпақшымын. Жерді сатып алдым. Болашақта осы телімде пластик терезелер мен есіктерді шығаратын цех ашамын деп отырмын.

Бәрі отбасымның қамы, балаларымның болашағы үшін дейді Марат. Сөзінше, Шымкентте үй алып, кәсіп ашу былай тұрсын, жұмыс табудың өзі қиын. Сондықтан болар, қоныс аудару бағдарламасын пайдаланып, күнгейден теріскейге көшіп келушілер көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Бір ғана Есіл ауданы 2019-да 50 жанұяны қабылдаған. Биылғы жоспар – 36 отбасы еді, оны да артығымен орындап тастапты.

Бибігүл Ермекбай, Явленка селолық жұмыспен қамту орталығының директоры, Есіл ауданы:

– 2020 жыл әлі аяқталған жоқ. Алайда, қазірдің өзінде біздің ауданға 41 отбасы қоныс аударды. Олар әлеуеті жоғары, болашағы зор ауылдарға көшірілді. Мамандық иелерінің 100 пайызын жұмысқа орналастырдық, ал кей жанұялар төрт түлік алып, шаруашылық ұстап отыр. Иә, кәсіп ашамын дейтіндерге қайтарымсыз гранттар беріледі.

Баспана да бар. Облыс әкімі биыл қоныс аударушылар үшін өңір бойынша 700-ге тарта үй тұрғызамыз деп жиі айтады. Ал су жаңа үй тимеген жанұяларға жалдамалы баспана табылады, сондай-ақ, 1 жыл көлемінде жалдау ақысы да төленеді. Сома отбасы мүшелерінің санына байланысты.

Саят Ермек