ТЖ

Өңірде өткен аптада тілсіз жаудан 2 адам көз жұмды

Қайғылы оқиғалардың бірі жақын маңдағы Мичуринода орын алды. Қызыл жалын саяжайлардың бірін шарпыған. Екіншісі Аққайың ауданындағы Полтавка селосында болды. Мұндағы жер үй мен гараж отқа ораныпты. Өрт сөндірушілер оқиға орнына дер кезінде жетіп, тілсіз жауды дереу ауыздықтаған. Өкінішке қарай, қос өрттің салдарынан 2 адам қаза тапты.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

 – Екі өрттің салдарынан 50 жастағы әйел мен 81 жастағы ер адам мерт болды. Бірінші жағдайда – 18, екіншісінде 72 шаршы метр жерді от шарпыды. Алдын ала болжам бойынша, тілсіз жаудың туындауына салғырттық себеп болған көрінеді.

Мамандардың айтуынша, жалпы бұл жағдайда ғана емес, жыл басынан тіркелген өрт оқиғаларының басым бөлігінде адам немқұрайлылық танытқан. Ережелерді білсе де жауапсыздықпен қарайды немесе сақтық шараларын білместігі де бар. Екеуінің де салдары, көп жағдайда, міне осындай. Өңір тұрғындарына қарапайым қауіпсіздік қағидаларын түсіндіру мақсатында ТЖД қызметкерлері қазір рейдтік шараларды күшейткен.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

 – Шара барысында біз үйлерді аралап, жадынамалар таратамыз. Тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреміз. Бұл ретте әлжуаз топтағы адамдармен ақпараттық жұмыс өткізу аса маңызды болып саналады.

Аталған шара қыркүйектің 15-іне дейін жалғаспақ. Бүгінде мамандар қала бойынша 640-қа жуық үйді аралаған екен. Жалпы, жыл басынан бері өңірде 397 өрт фактісі тіркелген. Салдарынан 30 адам от құрбаны болды. Оның дені ішімдікке жақын жандар болған.

 

Жанна Бисенова