МТРА жаңалықтарыБілім

Білім нысандарындағы құрылыс барысы тексерілді

Петропавлдағы мына ғимарат 1986 жылы бой көтерген. Бертінге дейін мұнда жетімдер үйі болды. Ал 2017 жылы мекеме жабылды. Кейін нысанға “ЛОРД” дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық-интернаты көшірілді. Көшірер алдында ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.

Ал биыл ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі, ағаш терезелер қурап, шатыры шіри бастаған. Кәріз жүйесі де ескірген екен. Жаз басталғаннан бері мұнда шаруа қызу. Құрылыс жүріп жатқан нысанды тапсыру уақыты да жақындап қалды. Бүгінге дейін мамандар мұнда 90-нан аса терезені пластикке алмастырған екен. Қазіргі күні білім ошағының шатыры жаңаланып жатыр. Іске жауапты – «Гемакасес» серіктестігі. Мердігер жүктелген міндетті дұрыс атқарып жатыр ма? Оны білмекке бүгін арнайы құрылған мониторингілік топ өкілдері келіп, шаруаны бақылады.

Бақылау кезінде мониторингілік топ өкілдері біраз олқылық тапты. Мердігер шатырға қаққан ағаш білеу дымқыл болып шықты. Ал нұротандықтар болса ағаш кептірілген, құрғақ болу керек дейді. Сонымен қатар, материал өртке қарсы сұйықтықпен өңделмеген екен. Мұны да қырағы мамандар анықтай алды.

Мынадай да қызық болды. Қызметкерлердің салғырттығы ма әлде шынамен байқамаған ба? Шатырды ағашпен бекітетін бұраншегелер қисық қағылып қойылған екен. Тіпті, бірнеше жолақ сызықтан теріс кетіп қалған. Егер сәл дауыл болса мұндай шатыр аударылып қалуы әбден мүмкін.

Ғафура Бөстекова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ жанындағы мониторингілік тобының төрайымы:

– Атқарылған жұмыста бірнеше олқылық бар. Ағаштар кептіріліп, өртке қарсы затпен өңделуі қажет. Мердігерге ескерту бердік.

Мердігер шатырды қайта ауыстыратын болды. Жұмысты тапсыруға 1 апта уақыт бар. Маман олқылықтардың барлығын тез арада түзетуге уәде берді. Жалпы, бүгін мониторингілік топ өкілдері 3 нысанда болда. Ол: қалалық 2 мектеп пен 1 колледж. Барлық нысандардағы шаруалар қатаң бақыланып, жауапты мамандарға тиісті нұсқаулар берілді.

 

 

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан