Қоғам

Бетпердені пайдаланғаннан кейін қалай жою керек?

Саят Ермек – тілші:

 – Бетперде серігімізге айналғалы осымен 6-шы ай. Қайда барсақ та бетімізде. Белгілісі бір – карантин шешілсе де, жуық арада масканы шешпейміз. Эпидемиологтар бірретік қорғаныш құралын әр 3 сағат сайын ауыстырып отыру керек дейді. Ал ескісін қайда жібереміз? Кей қалалықтар оны көшеге лақтыра салғанды құп көреді. Міне, дәлел. Бұл не сонда – мәдениетсіздік пе әлде еріншектік пе?

Пандемия тап бергелі аяқ астында жатқан маскаларды жиі кездестіретін болдық. Бетінен шешіп біреу аялдамаға, біреу подъездіне, біреу отырған орындығының жанына, енді біреу жүріп бара жатқан тротуарына лақтыра салады. Тіпті, жағайжайлардың өзінде асарын асап, жасарын жасаған бетперделер шашылып жатыр.

Бәрі бірдей осындай жауапкершілік танытса ғой, шіркін. Ал мамандар не дейді? Бетпердені қалай дұрыс жою керек?

Әсет Жұматаев, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

– Халық күнделікті пайдаланатын медициналық бетперделер – қатты тұрмыстық қалдықтар болап саналады. Сондықтан оны қарапайым тәсілмен утилизациялау керек. Масканы шешкеннен кейін полиэтилен пакетке салып, қоқыс жәшігіне лақтырған жөн.

Қорғаныш құралына неше түрлі бактериялардың жиналатынын білеміз. Осы орайда заңды сұрақ туындайды – егер бетпердені бойында вирус бар адам лақтырған болса, оны көтеріп, урнаға апарған я болмаса жанынан жай ғана өткен сау адамның инфекцияны жұқтырып алуы мүмкін бе? Вирусологтар әр түрлі пікір айтады, алайда көпшілігі мұндай маска “қауіпсіз” деп отыр. Сөздерінше, ол беттен шешілгеннен кейін, көп кешікпей қақырық кеуіп, инфекция өледі.

Саят Ермек – тілші:

– Яғни, көшеде жатқан бетпердеден вирусты жұқтыру екіталай, есесіне кесірі экологиямызға тигелі тұр. Мәселеге әйгілі “Greenpeace” ұйымы назар аударып, әлем елдерінен қорғаныш құралдарын утилизациялайтын арнайы контейнерлерді орнатуды талап етіп отыр. Бұл талапты біздің елордамыз орындады. Наурыздың соңынан бері бас қаладағы адам көп жиналатын орындарда маскалар, қолғаптар мен сүлгілерді лақтыруға арналған жәшіктер орнатыла бастады. Петропавлда мұндай бастама әзірге қолға алынбады, сондықтан азаматтардың әдіптілігі мен мәдениетінен үміттенгеннен басқа амал жоқ.

 

 

Саят Ермек