Балалар

Қызылжарлық жасөспірімдер ат спортына үйренуде

Жамбы ату – қазақтың ұлттық спорт түрлерінің бірі. Мұнда спортшы шауып келе жатқан арғымақтың үстінде отырып, садақты нысанға дәл тигізуі қажет. Мария Патошкинаның жамбы атуды үйреніп жүргеніне 1 айдан астам уақыт болған.

Мария Патошкина – “Арғымақ” клубының спортшысы, Қызылжар ауданы:

– Жылқыға қатысты спорт түрлерін меңгеріп жүргеніме 8 жылдай уақыт өтті. Осыған дейін тай жарыс пен құнан бәйгеге қатысып көрдім. Ел додаларында топ жарған кездерім де болды. Енді жамбы атуды меңгеруді алдыма мақсат етіп қойдым.

Мария қазірге садақты бір орында тұрып атуда. Өйткені, нысананы ат үстінде шауып бара жатып көздеген жағдайда жылқы кенет басын сілкіп жіберуі мүмкін. Сол кезде спортшы жерге құлап, жарақат алуы әбден мүмкін.

Мария Патошкина – “Арғымақ” клубының спортшысы, Қызылжар ауданы:

– Спорттың бұл түрін меңгеру біраз еңбек пен табандылықты қажет етеді. Өйткені, бір мезетте нысананы көздеп қана қоймай, сәйгүлікке де бағыт-бағдар беріп отыру керек. Егер жануар жібінің босаңсығанын сезсе, адамның ырқына көнбей кетуі мүмкін. Кейде қырсығып алып, жүргісі келмей қалатын кездер де болады. Бұл уақытта қамшы салудың орнына, қант беріп алдасаң бірден қалағаныңды орындайды.

Жалпы, “Арғымақ” клубындағы үлкендер тобында Мария секілді 10-ға жуық жасөспірім жаттығады. Ал кішісінде 5-6 бала бар. Ең қызығы мұнда қыз-жігіттер жасына емес, қабілетіне қарай бөлінеді екен.

Владимир Торопов – “Арғымақ” клубының жаттықтырушысы, Қызылжар ауданы:

– Клубты осыдан 3 жыл бұрын аштым. Алғашқы 2 жыл жамбы атуды үйренгісі келетін спортшылардың саны көп болатын. Алайда, биыл елдегі жағдайға байланысты келушілер азайды. Жаттығуларды ең мықты деген шәкірттерім ғана жалғастырып жүр. Пандемия аяқталған жағдайда әлемдік додаларға қатысуды жоспарлап отырмыз.

Ұлттық ойынымызды дәріптеп жүрген орыс азаматы Владимир Торопов алдағы уақытты көкпар тартатын жігіттер клубын құруды жоспарлап жүр. Қос топқа арнайы костюмдер де тіктірмекші екен.

Маржан Касымбек