МТРА жаңалықтары

Тайыншадағы жол мен жарықтандыру мәселелерін шешу үшін жылдар керек

Ойнайтын орын бар, әйтеуір. Бұған дейін аяқ тисе шаңы көтерілетін алаңды қанағат тұтып жүрген тайыншалық балалар бүгінде қоршалған, газоны төселген кортта доп теуіп жүр. Биыл аудан орталығында осындай екі алаңқай пайда болды. Олар күні бойына босамайды екен, тіпті жергілікті қыздардың өзі футболға бет бұра бастаған көрінеді.

Жеткіншектер мәз, ал тайыншалық жүргізушілер жайлы бұлай айта алмаймыз. Жолдар – аудан орталығының осал тұсы. Асфальты бар деген көшелердің басым көпшілігі жылдап жөндеу көрмеген. Беттері шылғи ой-шұқыр. Бірақ, биылғы жазда шаруа тындырылуда. Оң өзгерістерді бұқара байқап отыр.

– Недавно делали дороги новые, ямки все закрывают. В принципе строят и делают все потихоньку.

Тайынша қаласының әкімі биыл 13,5 шақырымды жаңарттық дейді. Бұл – қала жолдарының әрі кетсе 25 проценті.

Валерий Шпаковский – Тайынша қаласының әкімі:

– 3 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Яғни, 141 млн теңгеге 4,5 шақырымда жаңа асфальт пайда болды. 7 шақырым жолға қиыршық тас төседік, ал өзгелерін автогрейдермен тегістедік.

Үлес, әрине, аздау. Валерий Шпаковский түйткілді жасырмайды. Бәрі қаражатқа келіп тіреліп тұр дейді. Асфальт төсеу – қымбат шаруа. Жаңа жабындымен көшелердің бәрін қамту тіпті мүмкін емес, моноқаланың бюджеті мұны көтере алмайды. Жарықтандыруда да дәл осындай проблема. Тайынша түндері қараңғы, өйткені әбден ескірген шамдар жиі істен шығатын көрінеді. Соңғы бірнеше жылда жарықшамдар биыл алғаш рет алмастырылған екен. Оның өзінде 1 ғана көшеде.

Валерий Шпаковский – Тайынша қаласының әкімі:

– Шаруаны қала бойынша атқару керек. Бірақ, бұл да қыруар қаржыны талап етеді. Бір көшенің шамдарын алмастыру үшін бюжеттен біз 14 млн теңге бөлдік. Оның өзі небәірі 2,5 шақырымға жетті. Ал бізге желілердің 70 километрін жаңарту керек. Қанша ақшаның керек екенін өзіңіз есептей беріңіз.

Бұл маңызды деген жол мен жарықтандыру мәселесін толықтай шешу үшін жергілікті билікке жылдар керек деген сөз. Түйткілдерді тезірек біржақты етуге болар еді, тек Тайынша “қала” статусына ие. Ол “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасына кірмейді, ал шағын қалаларды дамытудың мемлекеттік бағдарламасынан түсіп жатқан қаржы шектеулі.

 

 

 

 

Саят Ермек