МТРА жаңалықтары

СҚО-да демалыс күндері карантин күшейтіледі

Бұл жолы бас санитарлық дәрігеріміз сауда-ойын-сауық орталықтары мен барлық дүкендердің жұмысын түнгі 11-ге дейін ұзартты. Автобустардың жұмыс кестесі де ұлғайды. Қоғамдық көлік жолаушыларды таңғы 6.30 бен түнгі 10-ның аралығында тасымалдай алады. Бірақ, тек дүйсенбіден жұмаға дейін. Демалыс күндері карантиндік шектеулер қайта күшіне енеді.

Арман Күшбасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Қоғамдық көлік тоқтайды, жасы 65-тен асқан азаматтардың қозғалысы шектеледі. Супермаркеттер, дәріханалар мен құрылыс тауарларын сататын дүкендерден басқа, аумағы 500 шаршы метрден асатын сауда үйлері, сауда-ойын-сауық орталықтары мен азық-түліктен өзге тауарларды сататын дүкендер жабылады. Барлық жабық базарлар, сұлулық салондары, шаштараздар мен косметологиялық қызмет көрсететін нысандар жұмысын тоқтатады. Қоғамдық моншалар мен сауналарға да, фитнес залдарға да, ашық аспан астындағы аттракциондарға да демалыс күндері жол жабық.

Дүйсенбіде бәрі қайта ашылады. Алайда, жұмысын жандандырған кәсіпкерлерге InfoKazakhstan.kz сайтында міндетті түрде тіркеліп, ашылуға дайын екенін дәлелдейтін акті алу керек. Бірақ, базарлар, қоймалар, аумағы 2 мың шаршы метрден асатын сауда нысандары, сауда-ойын-сауық орталықтары, әуежай мен вокзалдарға қатысты ереже бұдан да қатаң. Олар арнайы мониторингілік топ келіп тексергеннен кейін ғана жұмысын бастай алады. Туризм мен спорт саласы үшін де бірқатар қағида бар.

Арман Күшбасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Отельдер мен қонақүйлер, турбазалар мен демалыс үйлері көп дегенде 80 процентке толық болуы керек. Ережемен бекітілген санитарлық талаптардың бәрі де сақталуы тиіс. Өйтпесе, айыппұл салынып, жұмыс тоқтатылады. Спорттық қлубтар мен ұлттық құрама спортшыларына жаттығуларды өткізуге тыйым салынбайды. Алайда, бір топта 30 адамнан артық болмауы тиіс, спортшылар арнайы базаларда тұрып, дене қызуының өлшеніп отыруы міндетті.

Ал қоғамдық тамақтану орындары сенбі мен жексенбі күндері де жұмыс жасай береді. Осы орайда той, құдалық, бата, туған күн сияқты бұқаралық шараларға қатысты тыйымның әлі де алынбағанын ескерген жөн.

 

 

Саят Ермек