COVID-19: Қазақстан

Петропавлда бір айда карантин ережесін бұзуға қатысты 287 факті тіркелген

Қалалық прокуратураның мониторингілік тобы шілденің 20-сынан бастап Петропавлда санитарлық нормалардың сақталуы бойынша бақылау жүргізген еді.

Мамандар бүгінге дейін 364 әлеуметтік нысанға бас сұғыпты. Олар: қоғамдық тамақтану орындары, мейрамханалар, базарлар, сауда үйлері, демалыс орындары және монша мен дүкендер. Шара барысында мониторингілік топ өкілдері карантин шараларын сақтамауға қатысты 287 факті анықтаған. Яғни, азаматтар көшеде және көпшілік жиналатын жерлерде бетпердесіз жүрген, тиісті арақашықтық сақталмаған. Кейбіреулері, тіпті, жұртты жинап той өткізбекші болған. Сондай-ақ, кейбір нысандарда санитайзер мен дене қызуын өлшейтін құрал мүлдем болмапты.

Қайсар Әбішев – Петропавл қаласы прокурорының орынбасары:

– Біз ортақ тәртіпке бағынбағандардың барлығын жауапкершілікке тарттық. Айта кету қажет, мониторингілік шаралар әлі де жалғасын табады. Тұрғындар карантиндік шараларды бұзу фактілерін байқаған жағдайда 109 және 46-31-62 нөмірлері бойынша немесе облыстық прокуратураның кезекші прокурорының 36-03-83 нөміріне қоңырау шалуларына болады.

 

Эльмира Садвокасова