Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі өңірдің дамуы бойынша 7 айды қорытындылады

Солтүстік Қазақстан облысы соңғы 7 ай бойынша өңірлер арасында көш басында тұр деді Құмар Ақсақалов. Қазіргі күні аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында барлық басты салалар бойынша өсім байқалады. Олар: ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту мен құрылыс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Барлық айларда әлеуметтік-экономикалық даму жағынан орташа көрсеткішіміз республика бойынша жоғары орында тұр. Қазіргі күні облыс бюджеті 324 млрд теңгені құрайды. Жыл басында бұл сома 64 млрд теңгеге аз болатын. 7 айдың ішінде бюджетіміз 25 пайызға өсіп отыр.

Облыс әкімінің айтуынша соңғы 3 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 115 млрд теңгеден аса субсидия бағытталыпты. Биылдың өзінде бұл салаға 50 млрд-қа жуық қаржы бағытталған екен. Осыған орай үстіміздегі жылы өңірімізде қарақұмық егу – 2 есеге, ал асбұршақ 3 есеге өскен. Жердің берген ырыздығын шашаусыз жинап алу үшін тегеурінді техникалар қажет. Қазіргі күні Петропавлда немістің «Класс» маркалы техникаларын жинайтын зауыттың құрылысы басталып кетті. Бұл шаруа шетелдік инвесторлардың арқасында жүзеге асып жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Инвестиция тарту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Класс – әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын компаниялардың бірі. Компания өкілдері алдағы уақытта өз тракторларын біздің өңірде құрастыра бастайды. Қазіргі күні оларды жинайтын зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Жергілікті шаруалар алдағы уақытта неміс техникасын 50 пайызға дейін арзанға сатып ала алады.

Жұмыс орындарының саны да артуда. Себебі, өңірде құрылыс қарқын алған. Зауыттар салынып, биік ғимараттар бой көтеруде, көптеген ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Алагеум Электрик» компаниясы. Кәсіпорын жыл соңында трансформатор шығаруды бастамақ. Қазір мамандар өндіріс орны болатын ғимаратты қалыпқа келтіру үстінде. Алдағы уақытта зауытта 300-ге тарта адам еңбекпен қамтылады. Ал мұнда әзірленетін өнімнің басым бөлігі Ресейге экспортталады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазіргі күні өңірде ағаш өңдеу бойынша бірнеше жоба қолға алынды. Мәселен, түркілік инвестордың көмегімен ламинатталған фанера шығаруды жүзеге асырмақшымыз. Шаруаны «Северный фанерный комбинат» серіктестігі жүзеге асырады. Бұл ламинатталған фанера шығаратын елдегі ең ірі өндіріс орны болады. Шикізатты, яғни қайыңды өз өңірімізден аламыз. Өнімдердің жартысы өзімізде қалады, қалған 50 пайызы шет елдерге экспортталады.

Құмар Ақсақалов өз баяндамасында облыстың инфрақұрылымына да тоқталды. Қысқаша шолып өтсек. Жалпы, биыл Солтүстік Қазақстан өңірінде ауылішілік 1000 км жол жөнделіп, 280 км-ге жуық су жеткізу желісі салынады. Шаруа 76 ауылда атқарылып жатыр. Осылайша 5 мың тұрғын үй орталықтандырылған су тарату желісіне қосылады.

Жиын барысында тұрғындардан сұрақтар да келіп түсті. Жерлестеріміз әкімге жаңа кәсіпорын қажеттігін жеткізді. Нақтырақ айтсақ, өңірде жүн мен тері өңдейтін зауыт жоқ. Сойылған малдардан қалған дүниелер қоқысқа тасталады дейді тұрғындар. Ал облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл сұрақ бақылауға алынатынын айтты. Мәселе инвестиция тарту арқылы шешілмек.

 

Бердимурат Баймухан