Білім

“Мың бала” республикалық зияткерлік олимпиадасының 2-ші кезеңі өтті

Бойларын қуаныш пен қобалжу кернеген балғын балалар. Бәрінің мақсаты бір – сынақтан сүрінбей өтіп, еліміздің үздік деген мектептерінде оқуға мүмкіндік алу. Сембек Ақберді – Тимирязев ауданындағы Дзержинский негізгі мектебінің 5-сынып оқушы. Байқаудың алғашқы айналымынан сүрінбей өткен дарынды жеткіншек келесі кезеңге мықты дайындықпен келіпті.

Сембек Ақберді – Тимирязев аудандық Дзержинский негізгі мектебінің 5-сынып оқушысы:

– Маған бұл мектеп өте қатты ұнады. Егер мен осы “Мың бала” Олимпиадасында үздік атансам арнайы мектептерге түсемін. Мен телефон арқылы әр түрлі тест тапсырмаларын орындап дайындалдым.

Естеріңізге сала кетейік, “Мың бала” республикалық зияткерлік олимпиадасының бірінші кезеңі наурыз айында өткен болатын. Ұл-қыздар байқаудың екінші кезеңінде функционалдық сауаттылық пен абстаркты-логикалық ойлауды бағалайтын компьютерлік тестілеуден өтпек.

Болатхан Жүсіпов – Химия-биология бағытындағы НЗМ әдістемелік және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары:

– Жалпы, екінші кезеңге өңір бойынша 200 бала қатыспақ болды. Бірақ, әр түрлі жағдайға байланысты бүгінгі күні 200-ден 140-тан астам бала келіп отыр. Балаларды қарсы алдық, тамақ беріп, санитарлық нормаларды жасап жатырмыз. Дезинфекция жасадық.

Байқау жеңімпаздары дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге қабылданады. Қай қаладағы, қандай білім ошағы – оны дарынды жеткіншектер өздері таңдайды. Сондай-ақ, оқушылардың барлығына «El Umiti» онлайн-платформасындағы курстарға тегін қатысуға мүмкіндік беретін сертификаттар табыс етіледі.

 

Алтынай Қазиқан