Денсаулық сақтау

СҚО-да covid-19-ға шалдыққан науқастар үшін жайылған кереуеттердің саны қысқарды

Соңғы тәулікте коронавирус 16 жерлесімізден табылды. Екі күн бұрын көрсеткіш – 18, ал үш күн бұрын 24 болған еді. Азайып жатыр. Пневмония бойынша да жағдай түзеліп келеді. Инфекциялық және провизОрлық стационарлардағы кереуеттердің қазір 70 проценті бос. Сондықтан, денсаулық сақтау басқармасы COVID-19 науқастарына арналған төсек-орын санын қысқартуды шешкен.

– Наурыздан бері облыста коронавирустық науқастарға арналып 2200-ден астам кереует жайылған. Енді олардың саны 800-ге кем. “Инфекционкаларда” 580 төсек-орынның 480-і қалды, ал провизОрлық стационарлардағы 1635 кереует 935-ке дейін қысқартылды.

Төсек-орындардың бәрі облыстағы емдеу мекемелерінде орналасқан. Олардың санын қысқарту кей ауруханаларға штаттық режимге көшуге мүмкіндік береді. Бұл кереуеттер енді коронавирустық науқастардың емес, өзге де дерттерге шалдыққан жерлестеріміздің ем-домы үшін пайдаланылады.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл кереуеттер жоспарлы госпитализациялау, күндізгі стационарлар, скрининг және басқа да ем-дом және профилактикалық шаралар үшін пайдаланылатын болады.

Мәселен, облыстық балалар ауруханасындағы инфекциялық емдеу орны тамыздың 17-сі күні 100 пайызға босады. Коронавирус жұқтырған балалардың бәрі емделіп шығыпты. Негізі, бүгінде өңірдегі барлық инфекциялық стационарларда – 182, провизорлық стационарларда 276 адам жатыр. 11 жерлесіміз – реанимацияда, 7-уі өкпені жасанды желдететін аппаратқа қосылған. Дәрігерлер кереуеттер санының қысқаруына алаңдаушылықпен емес, қуанышпен қарау керек дейді. Ал егер тәжді вирус қайта бас көтеретін болса, манағы төсек-орындар тез арада қайта жайылмақ. Одан қалды, десаулық сақтау басқармасындағылар облыс инфекцияның болжанып отырған жаңа толқынына дайын дейді. 112 өкпені жасанды желдету аппараты, 312 оттегі концентраторы сай тұр. Ал СК-фармация дәрі-дәрімек қорын 7 пайызға көбірек әзірлеп қойыпты.

 

 

 

Саят Ермек