МТРА жаңалықтары

Праймеризге кандидаттардың өтініштерін қабылдау басталды

Жанат Кәкімов – өңірдегі ең жас кәсіпкерлердің бірі. Ол бизнеске мектеп қабырғасынан-ақ қатты қызыққан екен. Қазір 19 жастағы азамат балаларға арналған барельеф жинақтарын әзірлейді. Ал қалған бос уақытын қала мен облыстың қоғамдық өміріне арнап жүр. Мұнымен белсенді жігіт тоқтап қалмақ емес. Жанат көшбасшы партияның атынан депутаттыққа сайланбақ ниетте.

Жанат Кәкімов – кәсіпкер:

– Мен праймеризге өз кандидатурамды ұсындым. Жастардың атынан сөйлеп, кейінгі ұрпақ өкілдерінің проблемасын Үкіметке дейін жеткізгім келеді. Егер депутаттыққа сайланатын болсам, қыз-жігіттермен жиі кездесулер ұйымдастырамын. Қазір олардың дені шетел асуға ұмтылады. Жергілікті жердегі мол мүмкіндіктерді байқамайды. Мен жастардың назарын / СҚ-да қалып, үлкен жетістіктерге жетуге болатынына аудартқым келеді.

Рахымбек Зейнулиннің де жоспарлары көп. Азаматты өңірдің бизнесмендері жақсы таниды. Себебі, жергілікті кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы осы саланы 5 жылдан аса уақыт егжей-тегжейлі зерттеп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар, грант пен жеңілдетілген несиенің барлығынан жақсы хабардар. Өзінің білімімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтып, талай солтүстікқазақстандыққа жеке ісін ашуға қол ұшын созған. Десе де, Үкімет тарапынан кіші және орта бизнеске көрсетілетін көмекті әлі де жетілдіруге болады дейді ол. Мақсаты да – осы.

Рахымбек Зейнуллин – СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Бүгінгі күні жеке ісін бастап келе жатқан ауыл тұрғындарында проблемалар өте көп. Мысалы, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін кепілзат керек. Ауыл тұрғындарының көбінде ол жоқ.

Назарсыз қалып жатқан мұндай проблемалар кәсіпкерлікте ғана емес, білім, медицина, ауыл шаруашылығында да бар. Мәселелерді осы салалардың қарапайым мамандары, яғни халық арасынан шыққан жандар көтере алады. Праймериздің көздегені де осы. «Нұр Отан» / партияішілік сайлау өткізіп жатыр. Яғни, болашақта жұрттың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын белсенділер таңдалады. Іріктелгендер, әзірге, резервте болады, ал 2021-де бас партия атынан аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттар мен Парламент Мәжілісіне сайлана алады.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– 7-ші қыркүйектен бастап, олар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Біз белгілеген ұжымдарға, өздері қалаған үйлерге барып, сайлауды бағдарламасын таныстырады. Агитациялық шараларға қаржы бөлуге шектеу қойылды. 1 млн теңге ғана жұмсай алады.

Нағыз қызық үгіт-насихат жұмыстарының соңғы аптасында басталады. Кандидаттар дебатқа түседі. Пікірталаста өзекті тақырыптарды талқылап, өздерінің депутаттық мандатқа лайық екендерін дәлелдейді. Сөз сайысынан ат тонын ала қашқандар, праймеризден бірден шығарылады. Осы сындардан сүрінбей өткендер қазанның 1-і мен 3-і аралығына бекітілген онлайн және офлайн дауыс беру кезеңіне жолдама алады.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Дауыс берудің ерекшелігі – біз еш кедергі келтіре алмаймыз. Барлығы онлайн түрде ашық өтеді. Дауыс берген адамға смс келеді.

Бүгінде амбицияға толы, идеялары мықты, өзгерістер мен жаңашылдықтарға дайын деген 400 адам праймеризге өтініш беріпті. Белсенділердің 250-інің арызы қаралып, тізімге енгізілді. Мәслихат пен Мәжілістің депутаты болып, халық үшін қызмет етемін дегендердің тіркелуге әлі уақыттары бар. Бұл шаруа тамыздың 29-ына дейін жүргізілмек.

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова