МТРА жаңалықтары

Николаевкадағы балабақшада бүлдіршін химия ішіп уланып қалды

Камера алдында Наталья Топорищева көз жасын әрең ұстап отыр. Осымен 3-ші ай ол кішкентай ұлымен облыстық балалар ауруханасында. Мамырдың 21-і таңертең сап-сау баласын балабақшаға апарған ана түске таман қорқынышты хабар алады. 5 жасар Максим тазалық құралы ретінде пайдаланылатын натрий гидроксидінің ертіндісін, қарапайым тілмен айтқанда каустик ішіп қойған.

Саят Ермек – тілші:

 – Натальяның сөзінше, оқиға дене шынықтыру сабағында орын алған. Әжетханадан оралған Максим су ішпекке кулерге барады. Кулердің жанында манағы тазартқыш сұйықтыққа толы ыдыс тұрса керек. 5 жасар бүлдіршін, әрине, оны су деп ойлап, бір жұтым жасаған.

Наталья Топорищева, Максимнің анасы:

– Күтуші кірсе, балам ауызын қолмен жауып, бүрісіп отыр екен. Еріндері ісіп, қанталап кеткен. Шошып қалды ма, білмеймін, әйтеуір балабақша қызметкерлері оған алғашқы көмек көрсетпеген. Құстырып, улы затты іштен шығарулары керек еді ғой. Бірақ, баланы ауылдағы медпунктке апарады. Мұнда да фельдшер еш шара қолданбай, 60 шақырым жердегі аудандық ауруханаға жіберді.

Явленкада алғашқы медкөмек әйтеуір көрсетіледі. Натальяның айтуынша, ұлдың уланғанын отбасы соңғы болып білген. Бүлдіршін аса ауыр халде Петропавлдағы балалар ауруханасына жеткізіледі. Өңеші мен асқазаны күйіп қалған Максим бір тәулік бойы реанимацияда жатқан. Ал мұнда өткізген 3 ай ішінде қаршадай бала бірнеше операцияны өткерген. Қазір ол тамағы мен суын зонд арқылы ішіп, әрең сөйлейді. Кеше ғана асыр салып ойнап жүрген сап-сау баланың енді қалыпты өмірге қайта оралуы екіталай.

Геннадий Беляев, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Баланың жағдайы тұрақталды. Алайда, химикат салған жаралардың әсерінен өңеші мен асқазаны тарылып қалған. Бірнеше операция мен күрделі емдеу процедураларын жасадық. Бүлдіршін өмір бойына мүгедек болып қалады және оның физикалық әрі әлеуметтік бейімделуі туралы айтуға әлі ерте. Емдеу ұзаққа созылады.

Саят Ермек – тілші:

 – Улы тазартқыш зат балалар су ішетін кулердің жанында неге тұрды? Тәрбиешілер қайда қарады және оқыс оқиғаға жол берген қызметкерлер жауапкершілікке тартылды ма? Осыны білмекке біздің арнаның түсірілім тобы Николаевка селосына арнайы келді.

Алайда, оқиғаға қатысты бөбекжай әкімшілігінің нұсқасын біз ести алмадық. Қатардағы қызметкерлер тіс жармады, ал меңгерушінің өзі еңбек демалысында екен. Резонансты іске қатысты сұхбатты үйіне барып жазуды да ұсынған едік, тек басшы бас тартты. Телефон тұтқасынан айтқаны мынадай:

Самал Балтабекова, «Бөбекжан» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі, Николаевка селосы, Есіл ауданы:

-Сол күні оқиғада болған қызметкерлерге қатысты шара қолдандым. ҚР еңбек кодексі бойынша қатаң сөгіс жарияланды.

Селқостық танытқандардың тек қатаң сөгіспен құтылмауы да ғажап емес. Максимнің ата-анасы полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғапты.

Сәкен Рахметов, Есіл аудандық ПБ бастығының орынбасары:

– Қазіргі таңда “Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау” фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аумалдары жүргізіліп жатыр, барлық сот сараптамалары тағайындалды. Солардың нәтижесін алғаннан кейін, процессуалдық шешім қабылдаймыз.

Қарапайым тілмен айтқанда, Қылмыстық кодекстің 138-бабы бойынша тергеу жалғасуда. Бұл баптың санкциясы 13 млн 890 мың теңгеге дейін айыппұл немесе 2 жылға түзету жұмыстарына тарту, я болмаса сонша уақытқа бас бостандығынан айыруды көздейді. Шешім Максимнің денсаулығына келтірілген залал деңгейі анықталған соң шығарылмақ.

Саят Ермек – тілші:

– Ашынған ана болашақта мұндай оқиға қайталанбасқа, жұмысында сылбырлық танытқандар заң жүзінде жауапкершілікке тартылса дейді. Ал қой көзді, сүйкімді бала Максим ауруханадан жуық арада шықпайды. Болашақта бүлдіршінге өңешті тоқ ішекпен алмастыру операциясының қажет болуы да ғажап емес. Мұндай ота елордада жасалады. Бірақ, дәрігерлердің айтуынша, болжам жасауға әлі ерте.

 

 

 

 

Саят Ермек