Аптадағы маңызды жаңалықтар

Киров атындағы зауыт мектептерге 2 мың дана комьютер жөнелтеді

Карантинге байланысты биыл жоғарғы сынып оқушылары мен студенттер сабақты қашықтықтан оқиды. Осы орайда ел бойынша компьютерге деген сұраныс күрт артты. Дүкендерде тұрған дүниелердің бағасы қалта қағады. Арзанырағын аламын десеңіз сәйкесінше ақырын жұмыс жасайтынына тап болатыныңыз сөзсіз. Мынау – Петропавлдағы Киров атындағы зауыт. Мұндағы мамандар былтыр қытайлық компаниямен келіссөз жүргізіп, тәжірибе алмасқан еді. Осылайша кәсіпорын өткен жылдың соңында ультрабук пен компьютерлерді жинауға кірісті. Жиналған құрылғы сынақтан сәтті өтіп, инженерлер тапсырыс қабылдауға рұқсат алды.

Қазір мамандар сатылымға шығатын компьютерлердің алғашқы партиясын жинау үстінде. Қажетті бөлшектер Қытайдан зауытқа тамыздың 10-ы күні жеткізілді. Құрастырылатын техниканың барлығы қыркүйек айында өңірлік білім мекемелері мен мектептерге беріледі. Атқарылып жатқан шаруа барысымен танысу үшін кеше облыс әкімі Құмар Ақсақалов зауытқа барып, мамандармен жүздесті.

Амангелді Арғымбаев – «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ бас директоры:

– Біз қыркүйек айының 1-іне дейін өңірлік мектептерге компьютердің 2 мың данасын жеткіземіз. Тиісті шаруаны алдағы 10 күннің ішінде аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Айта кеткен жөн, техникалық бөлшектерді кедендік рәсімдеудің өзінен мемлекетке 120 млн теңге кіріс кірді.

Петропавлда құрастырылып жатқан компьютерлерге көрші өңірлер де қызығушылық танытып отыр. Биыл зауыт Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарынан компьютерлерді сатып алуды жоспарлап отырғандары жайлы кепілхат алыпты. Себебі, солтүстікқазақстандық техниканың құны нарықтағыдан әжептәуір арзан екен. Мамандар тапсырыс көлемі 4-5 млрд теңгедей болады деп болжап отыр. Бұл шамамен 40-45 мың ноутбук планшет пен компьютер.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ақмола облысы 17 мың компьютер алғысы келіп отыр. Алдағы уақытта техника бүкіл ел бойынша сатылатын болады. Бұл өңір экономикасы мен бюджет үшін жақсы әсерін тигізеді.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Ал енді компьютердің техникалық сипаттамасына кішкене тоқталсақ. Мұнда Intel Core i3 процессорының 9-шы буыны орнатылған. Жедел жадтың мөлшері 8 гигабайтты құрайды. Бағасын айтатын болсақ, мына жүйелік блок, тышқан, клавиатура, монитормен қоса есептегенде 190 мың теңге. Сатып алғаннан соң ешқандай операциялық жүйені орнатып қиналудың қажеті жоқ. Мамандар алдын ала барлық қажетті бағдарламаларды енгізіп қойған. Бір сөзбен айтқанда тоққа қос та жұмыс жасай бер.

Қызметі бойынша да шетелдік маркалардан кем түспейді. Егер нарықтағымен салыстыратын болсақ, дәл осындай сипаттамаға ие техника 200 мың теңге тұрады екен. Бірақ, монитор, тышқан мен пернетақтаны бөлек сатып алуға тура келеді. Бұл тағы да қосымша қаржыны талап етеді.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан