Құрылыс

Елімізде “Шаңырақ” атты тұрғын үй бағдарламасы бастау алды

Жақында пайда болған “Шаңырақ” тұрғын үй бағдарламасын басқаша “5-10-20” деп те атайды. Атауы айтып тұрғандай, баспана құнының 10%-ы жиналған кезде ипотеканы 5% жылдық үстемеақымен рәсімдеуге болады. Бұл жобаға қатысудың басты шарты мынадай:

Райхан Әбдірахманова – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:

– Бағдарлама қалалық әкімдікте үй кезегінде тұрған әрі Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шоты бар салымшыларға арналған. Бұл ретте азаматтардың баспана алуға өтініш берген уақыты ескеріледі. Жоба арқылы пәтерге 1986 мен 2010 жылдардың аралығында кезекке тұрған солтүстікқазақстандықтар қол жеткізе алады.

Ипотеканы төлей алатынын дәлелдеу мақсатында жанұя соңғы жарты жылдағы табысын растауы қажет. Бір отбасы мүшесіне шаққандағы ай сайынғы кіріс мөлшері 101 271 теңгеден аспауы тиіс.

Райхан Әбдірахманова – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:

– Бағдарлама бойынша баспананы тек бастапқы нарықтан және жекеменшік құрылысшылардан ғана сатып алуға болады. Құрылыс компанияларының тізімін тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ресми сайтынан көре аласыздар.

Жобаға қатысу үшін hcsbk.kz порталында онлайн өтініш беру керек. Ол тек 16-шы қыркүйекке дейін қабылданады. Айта кеткен жөн, бағдарламаның іске асырылуына ел қазынасынан 390 млрд теңге бөлінді. Оның 180 млрд-ы баспана құрылысына арналса, қалған 210 млрд-ы несие беруге бағытталған.

 

 

Жанна Бисенова