МТРА жаңалықтары

Бұрын орнында ескі үйлер болған 150 жер теліміне жаңа нысандар салынады

Облыс орталығында ескірген үйлер көп. Оны шаһарға кіре берістен-ақ байқауға болады. Бейберекет орналасқан жер үйлер қаланың көркін бұзады. Міне, осымен 4 жыл мұндай баспаналар сүріліп, орнына көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар салынуда. Ал олардың иелеріне өтемі ретінде қаражат немесе қайталама нарықтан пәтерлер беріледі.

Владислав Лукин – қала әкімінің орынбасары:

 – Жыл басынан бері 150 жер телімі алынды. Алдағы уақытта бұл орындарда құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Мәселен, Жас Өркен ықшам ауданындағы Горький көшесінде 404 пәтерлік 3 тұрғын үй салынады. Ал Парк және Әуезов көшелерінде 288 пәтерлі 3 көпқабатты үй бой көтереді.

Ш.Уәлиханов көшесінде де 7 бірдей үй салынады екен. Барлығы 600-ден астам пәтер болмақ. Облыс орталығында баспаналардан бөлек, спорт нысандары да тұрғызылып жатыр. Мәселен, 8-ші мектеп орналасқан ауданда оқушылар ұзақ уақыт күткен шағын алаңның құрылыс жұмыстары бастау алған.

Владислав Лукин – қала әкімінің орынбасары:

– Ал, Горький мен Челюскин көшелері қиылысында саябақ құрылып жатыр. Бүгінде жауапты істің 80 пайызы атқарылды. Сондай-ақ, Сейфуллин мен Совет көшелерінің қиылысында 900 оқушыға арналған мектеп салынуда. Қазір білім нысанының маңы абаттандырылуда.

Жаңа үйлердің тұрғындарға үлестірілуінің дұрыстығын арнайы топ бақылайды. Мамандар пәтерлердің бұрынғы иелеріне қанша ақша төленгенінен бастап кімге табыс етілгендігіне дейін тексеріс жүргізеді. Өйтпеген жағдайда кейбір пысықайлары заңды дұрыс білмейтін тұрғындарды алдап, мүлкін өз атына аударып алатын көрінеді. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің өкілі Дамир Хабибулин айтты.

Дамир Хабибулин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының жетекшісі:

– Мәселен, 2014 пен 2017 жылдар аралығында дәл осындай 20-ға жуық заңбұзушылық орын алды. Қалалық әкімдіктің бұрынғы қызметкерлері арам ойларын іске асырып, 18 жаңа үйді өз аттарына аударып алған. Әйтеуір, соңғы 3 жылда мұндай жағдай тіркелген жоқ.

Ал қарапайым жұртты алдап, қолындағысын тартып алмақ болған адамдар 6-дан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, темір торға тоғытылыпты.

 

Маржан Касымбек