Құқық қорғау органдарыЕрiктiлер

Қала тұрғындарына 2 мың маска таратылды

Тәртіп сақшылары акцияға арнап 2 мың дана бетперде әзірлеген екен. Әрқайсысында «Есірткіге жол жоқ» деген жазу жазылған. Маскалар қоғамдық әлеуметтік әлжуаз топтағы жандарға таратылды. Яғни, көпбалалы отбасыларға, қарт адамдарға. Студент жастарға да үлестірілді. Сондай-ақ, мамандар оларға материалдық көмек пакеттерін де жинаған екен. Шарапаты мол шараға тәртіп сақшыларынан бөлек еріктілер де жұмылдырылыпты.

Самат Бакин – ерікті:

– Мен акцияға қалалық әкімдіктің атынан ерікті ретінде қатысып жатырмын. Шара нашақорлықтың алдын алу үшін жасалып жатыр. Қазірге дейін біз бетперделерді сапаржай мен “Южный” базары жақта таратып үлгердік.

Басты назарда – жастар, әсіресе 1-ші курс студенттері. Себебі, есірткі саудалаушылар арам ойларын ең алдымен осы топтағы, яғни оң мен солын енді танып жатқан ұл-қыздар арқылы жүзеге асырады. Шара барысында тәртіп сақшылары бетперделердің бір бөлігін университет пен гуманитарлық-техникалық колледж студенттеріне жолдады.

Рахат Нұрахметов – Петропавл қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы:

– Маска адамды коронавирустан қорғап қана қоймай, жастарды салауатты өмір салтын сақтануға баулиды. Акцияның негізгі мақсаты да осы. Мәселен, кішкентай балалар да логотипті көріп, “Ол не?” деп қызықтап сұрауы мүмкін. Осылайша халық арасында түсіндіру шаралары өздігінен жалғаса береді деп айтуға болады.

Тәртіп сақшылары мен еріктілер күні бойы қала көшелерінде маска таратты. Мұны көрген қала жұрты полицейлердің атқарып жатқан істерін қолдап, алғыстарын білдірді.

Галина Кириллова:

 – Ел болашағы – жастар. Ал жастарды құртатын ол есірткі, темекі мен ішімдік. Сол себепті, қазіргі заманда есірткіге қарсы күресті белсенді жүргізу керек. Сіздердің осындай акция өткізіп жатқандарыңызды қос қолдап қолдаймын. Өзім есірткіге қарсымын. Достарымның арасында да бұл туралы жиі айтамын.

Бетперделер таратылып болған соң еріктілер полицейлермен бірге «Черёмушки» ықшам ауданында рейд өткізді. Тексеріс кезінде олар гараждар мен үй қабырғаларына жазып кеткен 60-тан аса жазуды өшіріп тастады. Яғни есірткі сатушылар осылайша тауар саудаланатын жасырын сайттардың атауын қалдырып кетеді екен. Жалпы, жыл басынан бері тәртіп сақшылары мен өңір тұрғындары 257 наркограффитидің көзін жойған.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан