МТРА жаңалықтары

Жұмысын қайта бастаған кәсіпкерлер тіркеуден өтулері қажет

Тамыздың 17-і көптен күткен күн жетіп, карантин жеңілдетілді. Сауда, ойын-сауық, спорт және қосымша білім беру орталықтары, сұлулық салондары мен шаштараздардың жұмысқа қайта кірісуіне рұқсат етілді. Алайда, нысандар есігін ашпас бұрын арнайы электронды платформаға тіркелуі қажет. Оны қалай жасайды? Осыған тоқталайық.

Магамед Дудаев – облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– Кәсіпкерлер тіркеуді InfoKazakhstan.kz сайтында жүзеге асырады. Ең алдымен электронды цифрлық қолтаңбасын қояды. Одан соң бизнес иесі өзі жайлы бірқатар ақпаратты жазып қалдырады. Қол астында қанша адам жұмыс істейді? Нысанның ауданы қандай? Мұны да белгілеп кетеді.

Шаруаны тындыруға небәрі 5 минут жеткілікті. Одан соң кәсіпкердің тіркеуден өткендігі жайлы ақпарат мұндағы мамандарға автоматты түрде жетеді. Кейін, палата өкілдері мониторингілік топпен бірігіп бірден нысанға бет алады. Олар ең алдымен мұндағы санитарлық талаптардың сақталғандығына көз жеткізеді. Егер ережелер толық ескерілген болса «рұқсат» қағазын береді. Дәл осы сәттен бастап салон немесе орталықтың есігін айқара ашуға болады.

Арман Оразғұлов – облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Бүгінге дейін 4949 кәсіпкер электронды жүйеде өз өтініштерін қалдырды. 3500-ден астам нысанға тексеру жүргізіліп, рұқсат қағазы берілді. Ал қалған 950-ге жуық субъектіге мониторингілік топ бүгін немесе ертең барады. Айта кету қажет, рұқсат қағазына қол жеткізген адамдар, оны ғимараттың көрінетін жеріне іліп қоюлары қажет. Келіп-кетушілер де құжатпен танысулары шарт!

Алайда, шалғай аудандарда тұратын кей кәсіпкерлер тіркеуден әлі өте алмай жүрген көрінеді. Біреуінің интернеті нашар жұмыс істесе, тағы бірі сайтта берілген шарттарды толық орындамаған. Кәсіпкерлер палатасының мамандары бұл жандарға көмек қолын созатындығын айтты. Ол үшін 50-35-87 нөміріне хабарласса болғаны.

 

 

 

 

Маржан Касымбек