МТРА жаңалықтары

Жұмыспен қамту орталығы арқылы биыл 1300 адам тұрақты еңбек көзін тапқан

Тігінші, аспаз, кондитер. Облыс орталығында жұмыс іздеп жүрген тұрғындар тарапынан / көбінесе / осы мамандықтарға сұраныс байқалады екен. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығы арқылы 1300 адам / тұрақты еңбек көзін тапқан.

Күн сайын жұмыспен қамту орталығына ондаған петропавлдық келеді. Елена Леонтьева да жолдасымен бірге екі қолға бір күрек табу үшін мамандарға жүгінді. Жұбайының мамандығы – жүргізуші. Оған бірден орын табыла кетті. Бірақ, 10 жыл заңгер болып еңбек еткен Елена көңілінен шығатын істі кездестірмеді.

Елена Леонтьева, қала тұрғыны:

– Тергеу изоляторында бір бос орын бар екен. Бірақ, ол жерде қиын болатын сияқты. Сондықтан, барудан бас тарттым. Басқа да мекемелерге түйіндемемді жіберіп көрмекшімін. Мамандығыма сай жұмыс табамын деген үміттемін.

Ал дипломда белгіленген мамандықтан өзгесін меңгергісі келетіндерге “Еңбек” бағдарламасы көмекке келеді. Оның аясында тігінші, аспаз, дәнекерлеуші сынды бірқатар мамандықтың қыр-сырын үйренуге болады. Тегін берілетін онлайн сабақтар 3 айға созылмақ. Дәріс аяқталған соң қатысушыларға сертификаттар табыс етілмек.

Жыл басынан бері 2700-ден астам қалалық курстардан өтіпті.

Сағындық Қалдыбаев, жұмыспен қамту орталығының маманы:

– Қысқа мерзімді кәсіптік оқумен 264 адамды қамту жоспарлануда. Жергілікті бюджеттен 96 млн теңге бөлінді. 22 адам оқуды бітірді, қалғандары әлі оқып жатыр.

Ал кәсіппен айналысқысы келетіндерге «Бастау» жобасы бойынша оқудан өту ұсынылады.

Сағындық Қалдыбаев, жұмыспен қамту орталығының маманы:

 – Биыл “Бастау” жобасы бойынша оқытудан қала бойынша 309 адам өтеді. 210 адам жіберілді. 140 тұрғын курсты аяқтады. 65-і грант алды.

Сұранысқа ие мамандықтардың қатарына тігінші, дәнекерлеуші, аспазшы және кондитер кіреді. Одан бөлек, 22 адам кір жуғыш машинасының операторы ретінде оқуын аяқтап, жұмыстарына кірісіп кетті.

 

Алтынай Қазиқан