МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Әр кәсіпкер өзінің ауылын дамытуға үлес қосуы қажет

Бұл – Мамлют ауданына қарасты Новомихайловка ауылы. Елді мекен жыл сайын гүлденіп, халықтың тұрмыс жағдайы өсіп келеді. Өзінің жұмыс сапарын өңір басшысы Құмар Ақсақалов жаңа салынып жатқан үйлерді аралаудан бастады. Мұнда жақын арада жұмыс күші басым аймақтардан қоныс аударған жандар келіп орналасады. Баспана жылы, жайлы, бөлмелердің іші кең, ішіне су да өткізілген. Үйлердің аумағы – 88 шаршы метр. Бір сөзбен айтқанда, мұнда жайғасатын отбасы қаладағыдан кем өмір сүрмейді деп айтуға толық негіз бар.

Жалпы, биыл ауылда осы секілді 5 үй тұрғызылған екен. Олардың құрылысына мемлекеттік бағдарлама аясында 35 млн теңге бөлініпті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл бағдарлама тек біздің облысымызда ғана жүзеге асырылып жатыр. Былтыр біраз баспана тұрғызып тастадық. Биыл да сол 688 үйді салу жоспарланып отыр. Бүгінде өңірге 1200-ден аса адам көшіп келді.

Өңір басшысы атқарылып жатқан шаруаға көңілі толатынын жеткізді. Бірақ, тұрғындардың толық жайлылығы үшін үй маңын жабдықтау керек екенін айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Үйлерді әр түрлі түстерге бояп қойыңыздар. Сондай-ақ, маңына міндетті түрде сарай тұрғызу қажет. Мұны бюджет есебінен саласыздар.

Биліктен бөлек кәсіпкерлер де қалыспақ емес. Мына тұрған әсем, зәулім баспананы жергілікті іскер жан өз қаражатына тұрғызыпты. Ол осылайша ауылға жоғары білікті мамандарды тартпақшы екен. Ал үйді соларға тапсырады.

Геннадий Щёголев, “Новомихайловское-2003” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

– Тұрғызып жатқан баспаналардың бағасының тең жартысын шаруашылық өтейді. Қалғанын үй иесі ешқандай үстеме ақысыз 15 жылға бөліп төлейді. Мәселен, баспананың бағасы 7 млн болса, жұмысшымыз оны тек 3,5 млн-ға ғана сатып алады.

Адамдар ауылда қалулары үшін оларға дұрыс жағдай жасау қажет. Бұл дегеніміз – тегіс жол, әр үйде таза ауыз су мен лайықты жалақы.

Аталғандардың барлығы Новомихайловкада жоспарлы түрде орындалып келеді. Мәселен, биыл селолық округті дамытуға қазынадан 140 млн теңге бөлініпті. Бұл сома өткен жылдағыдан қарағанда 4 есеге көп екен.

Савет Қорғанбаев – Новомихайловка селолық округінің әкімі, Мамлют ауданы:

– Біздің округке 5 ауыл кіреді. Бұл елді мекендерге Үкімет тарапынан да, шаруа қожалықтарынан да жақсы көңіл бөлініп жатыр. Олар өздерінің есебінен әлеуметтік нысандарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, балаларға спорт алаңдарын салып берді.

Жоғарыда айтқанымыздай елді мекен жылдан жылға гүлденіп келеді. Жергілікті тұрғындар да бұл сөзді жоққа шығармайды.

– Біздің ауылға көп кісілер қызыға қарайды. Себебі, халықтың тұрмыс жағдайы жақсы. Жол бар, көше жарықтандырылған. Көшіп келіп, мал ұстап жұмысқа, орналасуға болады.

– Шаруа қожалығы жыл сайын малымызға жем-шөп беріп отырады. Қыста қарымызды тазалап, суымызды әкеп береді.

Баспаналарды көрген соң облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауылдағы мәдениет үйінде жиын өткізді. Шараға барлық аудан әкімдері мен өңірдің белді кәсіпкерлері шақырылған. Тақырып – кәсіпкерлердің әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлі. Бұл ретте Құмар Ақсақалов отырғандарға “Новомихайловское-2003” серіктестігін үлгі етті. Шаруашылық ауылды дамытуға жыл сайын 20 млн теңгедей қаржы бөледі екен.

Геннадий Щёголев, “Новомихайловское-2003” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

–  Біз егін және мал шаруашылығымен айналысамыз. 600-ге жуық қазақтың ақбас сиыры бар. Жерге майлы, бұршақ, дәнді дақылдардың тұқымдарын сіңіреміз. Мұның барлығын ұстап тұру үшін жұмыс күші қажет. Сол себепті, қызметкерлерімізге жағдай жасап, оларға баспана салып береміз. Мәселен, соңғы 5 жылдың ішінде 7 үй салдық. Сондай-ақ, ауылдан көшіп кетіп жатқан жерлестеріміздің үйін сатып аламыз. Биыл сол үйлерге Есіл ауданынан 2 отбасы көшіп келді.

Осы ретте Құмар Ақсақалов қожалық иелеріне жұмысшылардың жалақысын өсіру керектігін айтты. Және биыл қызметкерлердің барлығын жеп-шөппен толық қамтуды тапсырды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қызметкерлердің жалақысын кем дегенде 20 пайызға өсіру керек. Біз оны жыл басында да айтқан болатынбыз. Бірақ, ешкімді жұмыстан шығарушы болмаңыздар. Былтыр мұндай жайттарды көрдік. Егер мамандар қысқарып жатса, біз оны зейнетақы аударымдарынан дереу байқаймыз.

Соңғы жылдарды ауылдарды дамытуға қыруар қаражат бөлініп жатыр деді әкім Құмар Ақсақалов. Биылдың өзінде бұл бағытқа қазынадан 108 млрд теңге бағытталыпты. Қаржыға ауылдарға жол салынып, су тартылады, көшелер жарықтандырылады. Бүгінгі күні 270 ауылда тиісті шаруа басталып кеткен.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл 107 білім беру ұйымының ғимаратын күрделі жөндеуден өткіземіз. 25 емдеу мекемесі мен 32 мәдениет нысаны жөнделіп жатыр. Сонымен қатар, 76 ауылдағы су өткізу желілерін қалыпқа келтіруге 8,7 млрд қаржы бағытталды. Ұзындығы 288 шақырымды құрайды.

Соңғы жылдары өңірде туризм саласына да көңіл бөлінуде. Бұл – Меңгесер көлі. Су мен балшығы емдік қасиетке ие. Жерлестерімізге тынығу үшін шетел асудың қажеті жоқ. Көл маңында алыс-жақыннан келіп демаламын дегендерге бәрі бар. Жағажайда жазда күзетшілер адамдардың қауіпсіздігін бақылайды. Егер қонып қалғысы келсе, қонақүй де қарастырылыпты.

 

 

Бердимурат Баймухан