Спорт

Коньки тебу спорты бойынша ел құрамасы алғаш рет Петропавлда шынығып жатыр

Коньки тебу спорты бойынша ел құрамасының оқу-жаттығу жиындары / алғаш рет Петропавл қаласында өтіп жатыр. Елордадағы мұз айдынында жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, спортшылар Петропавлға ат басын бұрған. Осы дүйсенбі күні келген конькиші жастар облыс орталығында бір апта бойы жаттықпақ.

Бір-бірінің артынан қаз-қатар тізіліп, сырғанап келе жатқан жастар – ел мақтаныштары. Дәлірек айтқанда, коньки тебу спорты бойынша Қазақстан құрамасының мүшелері. Ел намысын әлемдік аренада қорғап жүрген спортшылар қазір алдағы дүбірлі додаларға дайындық үстінде. Олардың қатарында әлем чемпионаттарының жүлдегері Екатерина Айдова да бар.

Екатерина Айдова – коньки тебу спорты бойынша ҚР құрамасының мүшесі:

– Тіземді жарақаттап алуыма байланысты былтырғы сайыстарға қатыса алмадым. Қазір жағдайым жақсы. Сапқа қайтадан қосылдым. Келер маусымға дайындық үстіндеміз. Құрамада жаңа спортшылар да бар. Барлығымыз бір-бірімізді қолдап, демеу көрсетеміз.

Қазір коньки тебу спорты бойынша ел құрамасын жерлесіміз, танымал спортшы Дмитрий Бабенко шынықтыруда. Ол әлемдік аренада талай жетістікке жетіп, жаңа рекордтар орнатқан. Қысқы Олимпиада ойындары мен Азия чемпионатына бірнеше мәрте қатысқан Дмитрий Бабенконың бапкерлікпен айналысып жатқанына 3 жыл болған.

Дмитрий Бабенко – коньки тебу спорты бойынша ҚР құрамасының бас бапкері:

– Қазір біз коньки тебу маусымына дайындалып жатырмыз. Карантинге қарамастан, алдағы сайыстар жоспар бойынша өтеді деген үміттеміз. Алғашқы жарыс қазан айында Нұр-Сұлтанда жалауын көтереді. Оның қорытындысы бойынша спортшылар әлемдік чемпионатқа жолдама алады.

Дмитрий Бабенко туған жерге келіп, жұмыс жасап жатқанына қуанышты әрі спорт сарайындағы мұздың сапасына көңілі толатынын жеткізді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиылған қыз-жігіттердің көбі Петропавл қаласына алғаш рет келіп отыр. Жастар мұз айдынымен қатар залда да шынығады. Айта кеткен жөн, қазір коньки тебу спорты бойынша қазақстандық құрамада 13 адам бар.

 

 

 

Жанна Бисенова