Білім

Өңірде жазғы мектептер жұмысын бастады

Иә, оқу жылы әлі басталмаса да ұл-қыздар қолдарына қалам мен дәптерді қайта алды. Олардың жазғы демалыстан ертерек шығуына – қашықтықтан білім алу жүйесі себеп. №9 орта мектептің 11-ші сыныбында қазір ағылшын сабағы жүріп жатыр.

Ұл-қыздар үшін тақырып жаңа емес. Бұл – өткен оқу жылының 4-ші тоқсанындағы материал. Сәуір мен мамыр айларында оқушылар оны онлайн түрде меңгерген болатын. Мұндай форматта білім алу барлығына бірдей оңай емес. Сондықтан, өңір бойынша жазғы мектептер жұмысын бастады. Мақсат – өткенді қайталап, шолу жасау.

Жазғы мектептер қазақ тілі, орыс тілі, математика, тарих сынды тек негізгі пәндерді қамтиды. Консультацияларға оқушылардың барлығына қатысу міндет емес. Ол белгілі бір тақырыпты түсінбеген немесе ұмытып қалған ұл-қыздарға арналған. Қайталаймын дегендерге де, әрине, онлайн сабақтың есігі ашық. Педагогтар 4-ші тоқсанның материалына шолу жасауға тамыздың 25-іне дейін уақыт бөлмек. Кейін жаңа оқу жылына дайындықтарын бастайды.

Татьяна Протопопова – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл оқушыларға сабаққа мектеп формасын киіп келу қажет деген талап қойылмайды. Бастысы, үстері ұқыпты болу керек. Оқулықтар жөнінде де уайымдаудың қажеті жоқ. Сыныптардың барлығын кітаптармен толық қамтимыз. Кейбір оқушыларға қашықтықтан білім алуға техника мүмкіндік бермейді. Бұл мәселені де шешу үстіндеміз. Алдағы уақытта 15 мың компьютер мен ноутбук таратуды көздеп отырмыз.

Кезекші сыныптар қалай жұмыс істейді? Жаңа тақырыпты оқушылар қандай платформа арқылы меңгереді? Үй жұмысын жасап, оны мұғалімге қалай тексертеді? Қашықтықтан оқу форматына қатысты сұрақ өте көп. Мәселелердің барлығы бүгін бірыңғай республикалық педкеңесте қарастырылды. Шараға еліміздің барлық мектептері қатысты.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова