ТЖ

СҚО-да 1 жасар бала үйінің алдындағы суға батып кетті

Тимирязев ауданында жаға ұстатарлық жағдай орын алды. Оқиға жеке тұрғын үйдің ауласында болған. Ересектердің қарауынсыз қалған бүлдіршін тереңдігі жарты метрге жуықтайтын су толы баллонға құлап кетіп, қаза тапты. Ол аздай кеше Петропавл қаласында 2 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан бір адам көз жұмды.

Жуырда ғана Айыртау ауданында 3 жасар баланың терезеден құлап мерт болғанын естіп жан түршікті. Енді 1 жастағы бейкүнә сәби ауладағы су толы баллонға құлап қаза тапты. Екі жағдайда да ата-аналар балаларынан көз жазып қалған.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– 15 тамыз күні сағат 17:00-де Тимирязев ауданындағы Докучаево ауылында жеке тұрғын үйдің ауласында үлкендердің қарауынсыз қалыпты. Су құйылған ыдысқа құлап, үй иесінің 2019 жылы туған қызы батып кетті.

Тамыз айында өрт фактілері де жиілеп кетті. Кешегі күннің өзінде 2 бірдей өрт оқиғасы орын алды. Бірінші жағдай қаладағы С.Мұқанов көшесі бойындағы 2 қабатты үйлердің бірінде тіркелді. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда, «Мичурино» саяжай қоғамында бас көтерген жалынның салдарынан 50 жастағы әйел жанып кетті.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Конструкцияны талдау барысында өрт орнында жанып кеткен адамның денесі табылды. Өрт және өлім себебін анықтау үшін қажетті сараптамалар тағайындалды. Өрт салдарынан тұрғын үйге жапсарлас орналасқан сарай жойылып, шатыры бүлінген. Жалпы, өрт 72 шаршы метрді шарпыған. Өрттің болжамды себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы.

Өрт оқиғасы Айыртау ауданындағы Воскресеновка ауылында да тіркелді. Мұнда қосқабатты үйдің 85 жастағы тұрғынын күйік шалған.

 

Алтынай Қазиқан