МТРА жаңалықтары

Әр кәсіпкер өзінің ауылын дамытуға үлес қосуы қажет

Әр кәсіпкер өзінің ауылын дамытуға үлес қосуы қажет. Бүгін өңір басшысы Құмар Ақсақалов аудан әкімдері және іскер жандармен жиын өткізді. Алқалы отырыста облыс жетекшісі атқамінерлерді жергілікті тұрғындарға көмектесуге шақырды. Айтуынша ең алдымен кәсіпкерлер өз ауылын абаттандырып, оны дамытуға тырысулары қажет.

Осы орайда Құмар Ақсақалов Мамлют ауданына қарасты Новомихайловка селосын үлгі етті. Ауылда қазіргі күні жолдар салынып, көшелер жарықтандырылуда. Оның үстіне еліміздің жұмыс күші басым аймақтарынан қоныс аударғысы келетін жандар үшін баспаналар да салыну үстінде. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлер бірлесіп ауылдағы мәдениет үйін биыл су жаңа етіп қайта жөндеп шыққан екен. Ал мамандар үстіміздегі жылы әр үйдің ішіне ауыз су өткізуді жоспарлап отыр. Бір сөзбен айтқанда мұндағы кәсіпкерлер мен билік өкілдері бірлесіп, жергілікті тұрғындар үшін барлық жағдайды жасап отыр. Бұл үлгі етуге тұрарлық іс деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мен сіздерді жыл сайын осылай жинап отырамын. Бүгін сіздерді осы жерге арнайы әкелдім. Көбіңіз мұнда болмаған шығарсыздар. Көріп тұрғандарыңыздай бұл ауылда өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Жалпы, өңірде инфрақұрылымы дамыған бірнеше беткеұстар ауылдарымыз бар. Новомихайловка – солардың бірі. Мұнда биліктен бөлек кәсіпкерлер де жергілікті тұрғындардың жағдайына бейжай қарамайды. Жол салып, жұмысшыларына үй тұрғызып жатыр. Сіздерді де осылай жасауға шақырамын.

 

 

 

Бердимурат Баймухан