Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде

Жылу блогы – заманауи құрылыс материалдарының бірі әрі Солтүстік Қазақстанның құбылмалы ауа райына сай етіп әзірленген. Сапалы дүниенің арқасында қыста үй жылы, жазда керісінше салқын боп тұрады.

Анатолий Соболев – «Жунусов Б.Н.» ЖК директорының орынбасары:

– Жылу блоктары 3 қабатқа дейінгі баспаналардың құрылысында қолданылады. Берік материал. Орнатқан соң оны оқшаулаудың қажеті жоқ. Тек өз талғамыңызға сай етіп бояп қойсаңыз болғаны. Жалпы, облыста 100 үйдің құрылысында пайдаланылды.

Әр блок үш бөліктен тұрады. Біріншісі – көтергіш, соңғысы сыртқы факторлардан қорғайды. Ал ортасында полистирол бар. Термостың қабаттары сияқты құрылған блок жылуды ұзақ уақыт сақтайды.

Мамандар тек жергілікті шикізаттарды ғана қолданады. Олар ең алдымен бетонға арнайы қоспа қосып жақсылап араластырады. Бізге құпия құрамның арқасында жылу блогтары өте берік болып шығады әрі оларды кептіруге де екі есе аз уақыт жұмсалады. Мәселен, мына блоктарды құрғату үшін небәрі 3-ақ күн қажет екен. Одан кейін 5 күн бойы ашық аспан астында жатады. Күніне мұнда 2 мыңнан астам тауар дайындалады. Әсіресе, тамыз бен қыркүйек айларында блоктарға сұраныс артатын көрінеді. Сондықтан, мамандар жұмысты жеңілдету мақсатында жаңа дірілді баспақ құрылғысын сатып алыпты. Ол үшін “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша несие алған.

Мұратбек Сердалинов – “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ менеджері:

– Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Даму» қоры осы несиені субсидиялады. Яғни банк несиені 15% пайызбен берді. Бірақ, оның 9 пайызын «Даму» қоры өтейді, қалған 6 пайызын кәсіпкердің өзі төлейді. Сонымен қатар, «Даму» қоры осы несие бойынша 40 пайызға кепілдік берді.

Мұндай қолдау мен тиімді пайыздық мөлшерлемеге кәсіппен айналысатын кез келген солтүстікқазақстандық қол жеткізе алады. Жалпы, жыл басынан бері өңірде “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында жиынтық сомасы 3,5 млрд теңге болатын 8 жобаға несие берілген.

 

 

 

 

Маржан Касымбек