Құқық қорғау органдары

Өңірде интернет-алаяқтық фактілері тыйылар емес

Бұл жолы алаяқтардың құрығына 54 жастағы Петропавл тұрғыны ілікті. Ер адам интернет арқылы екі қолға бір күрек іздеп жүрген. Сөйтіп, “В” санатындағы жүргізуші қажет деген хабарламаны көзі шалады. Азамат бірден жұмыс берушіге хабарласыпты. Қызметке тұру үшін санитарлық кітапша мен денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама қажет екен. Оны айлакерлер уақыт жоғалтпай, тез арада “таныстар арқылы” белгілі бір сома үшін жасап алуды ұсынған. Жерлесіміз “жылдам қызметтің” құнын берілген телефон нөміріне аударыпты. Бірақ, жалған жұмыс берушілер мұнымен тоқтамай, тағы да ақша талап еткен.

– Надо еще электронный пропуск от коронавируса. Потом, на счет этого мы зацепились – я почувствовал, что обманывают меня.

Бетпе-бет кездесуді ұсынғаннан кейін жалған жұмыс берушілер бірден телефонды өшіріп тастаған. Алаяқтардың уысына түскенін түсінген қала тұрғыны полицияға хабар беріпті. Қазір тәртіп сақшылары қылмыскерлерді іздестіруде. 48 жастағы солтүстікқазақстандықты алдаған алаяқ та іздеуде.
Қу пысықайлар нәзікжандыға хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырыпты. “Сіздің шотыңызды біреулер бұзбақ болды” дегенді естіген әйел байбаламға салынып, алаяқтың айтқанын бұлжытпай орындаған. Ол депозитіндегі 130 мың теңгені картаға аударып әрі нөмірін де телефон арқылы айтып беріпті. Сөйтіп, ақшасынан қағылған.

Асылбек Аяғанов – Петропавл қалалық ПБ тергеушісі:

– Сондай-ақ, қылмыскерлер танымал әлеуметттік желілер арқылы жалған хабарландырулар берумен де айналысады. Хабарландыру бойынша хабарласқандар ештеңеден күдіктенбестен қаражаттарын аударып, кейін ақшаларынан қағылып жатады. Естеріңізде болсын, өзіңіздің жеке құжаттарыңыздың және банк карталарының нөмірлерін, суреттерін ешкімге жібермеулеріңізді сұраймыз.

Интернет-алаяқтардың адамды алдап-арбау әдістері сан түрлі келеді. Бастысы, әбігерге салынбай, барлық ақпаратты тексеріп алу қажет дейді полицейлер.

 

 

Эльмира Садвокасова