МТРА жаңалықтары

Өңір тұрғындарының дені айыппұл төлеуден жалтарады

Айыппұл салды ма, төле! Алайда, жасаған әкімшілік бұзушылығы үшін жауап берерде солтүстікқазақстандықтардың көбі жауапсыз көрінеді.

Саят Ермек – тілші:

 – Әділет департаментіндегілер азаматтар айыппұлдарын төлемейді деп шыр-пыр. Сандарды сөйлетсек, жыл басынан бері өңірдегі жеке және мемлекеттік сот орындаушыларының өндірісіне 24 мыңға тарта әкімшілік айыппұл түскен. Олардың бәрін қосқанда шығатын сома 300 млн теңгеден асады. Алайда, бұл ақшаның бүгінге дейін тек 44,5 млн-ы, яғни 14 пайызы ғана өндіріліп алынған. Қалған қаражатты тәртіпбұзушылар әлі де қарыз. Айыппұлдардан түскен ақшаның түгелдей жергілікті бюджетке бағытталатынын ескерсек, салмақ өңір қазынасына түсіп отыр.

Мойнындағы айыппұлдан құтылуға жерлестер неге асықпайды? Мүмкін, қалтадан қаққан карантин әсер еткен болар? Шектеулерге байланысты көбі табысынан айырылды емес пе? Бірақ, мамандар бұл тұжырыммен келіспейді. Сөздерінше, айыппұлдарын өтеуде солтүстікққазақстандықтар пандемияға дейін де аса белсенді болмаған. Жылма-жыл өзекті тұратын проблема екен. Жат қылық үшін жауап беру керек дейді әділет департаментіндегілер. Ол ол ма, ақшалай жазасын ерте өтегендерге жеңілдік бар.

Жұлдыз Баймашева – СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:

– 2014 жылы Әкімшілік кодекске өзгертулер енгізілді. Егер азамат айыппұлды 1 аптаның ішінде өз еркімен төлесе, сома 50 пайызға қысқарады. Бірақ, бұл мүмкіндікті көбі пайдалана бермейді. Ал айыппұлды өтеуге берілетін уақыт – 1 ай. Егер 30 күн ішінде төленбесе, онда сот орындаушысы қарызды мәжбүрлі түрде өндіріп алады. Кейін оның жұмысы үшін қосымша ақша беруге тура келеді. Бұл – артық шығын.

Енді сәл статистика. Өңірде қандай әкімшілік тәртіпбұзушылықтар жиі кездеседі? Бірінші орында – қоғамдық тәртіпті бұзу, яғни түнде шулау, ішімдікке тойып алып көше кезу, тағысын тағы. Жыл басталғалы бұл олқылықтар үшін 10 мыңнан астам айыппұл салынған. Ал жол ережелерін сақтамауға қатысты айыппұлдардың саны 7 мыңнан асып жығылады. Үштікті кәмелетке толмаған баласын түнде қараусыз көшеге жіберген ата-аналарға салынған айыппұлдар тәмамдап тұр.

 

 

 

Саят Ермек