Денсаулық сақтау

Еркінсуге әлі ерте

“Маска тағыңыздың” жыры жақын арада бітпейді. Карантин толықтай алынғаннан кейін де қорғаныш құралын тағып жүру керек болады. Көшеде де, нысан ішінде де. Бұл жайлы өткен аптадағы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі мәлімдеген еді. Тек бұдан қайыр бар ма? Бұл турасында пікір көп. Бірі бетперде қорғайды дейді, бірі одан түк пайда жоқ деп санайды. Сонымен, кімге сенеміз, мамандар не дейді?

Юрий Белоног – облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері:

– Әрине, бетперде індет жұқтырудан 100 пайыз қорғамайды. Алайда, коронавирустың ауа тамшылары арқылы таралатынын ұмытпаған жөн. Сондықтан, маска керек. Мәселен, көшеде екі адам бетперде тағынып тілдесіп тұрса, инфекцияны жұқтыру қаупі біршама төмендейді.

Бұл шақта Қазақстанда соңғы 1 тәулік ішінде коронавирусты 267 отандасымыз жұқтырған. 24-і – солтүстікқазақстандықтар. “Жаңа” науқастардың саны күн санап азайып жатыр, тек түпкілікті жеңіс туралы айтуға әлі ерте. Қоғам белсендісі Бақытжан Сәмиеваның сөзінше, көп дүние азаматтардың өздеріне байланысты. Егер қазір тым еркінсіп кетіп, шыдамдылық танытпасақ, маусым айындағы сценарийдің қайталануы ғажап емес.

Бақытжан Сәмиева – қалалық қоғамдық кеңесінің төрайымы:

– Қонаққа да барғымыз келеді, тойлағымыз да келеді. Сағынып жүрміз, бірақ қазір бұл жарамайды. Оны бәріміз түсінуіміз керек. Ертең бәріміздің туыстарымыз, достарымыз, немерелеріміз, бүтін халқымыз аман болсын десек, бір бірімізді ұстауымыз керек.

Қазақстанда карантин жұмсартылғалы осымен екінші күн. Жеңілдетудің келесі кезеңі қашан болады, ол кезде тағы қандай шектеулер алынады – бұл, әзірге, белгісіз. Билікке мейілінше сақтық танытып, әліптің артын бағуға тура келіп отыр.

 

 

 

 

 

Саят Ермек