Білім

ҰБТ-ның 4-ші кезеңі өтіп жатыр

Былтырдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу / кезең-кезеңімен 4 рет өткізіледі. Биыл тамыз айындағы сынаққа / облыс бойынша 225 талапкер қатысуда. Жартысынан көбі бүгін жергілікті жоғарғы оқу орнында білім деңгейлерін дәлелдеді.

Жүздерінде – қобалжу, ойларында – сан түрлі сұрақ. Осы жолы қалай болады екен? 11 жыл бойы алған білімді сынар шақ. Біріншісінде сәттілік серік болмады, екіншісінде құр сәттілікке қана сеніп қалмай, дайындыққа да біраз басымдық берген секілді мына жастар. Солардың бірі – София Володина. Мамлютка қаласындағы Е.Бөкетов атындағы мектеп-гимназиясының түлегі мұғалім болуды армандайды.

София Володина – талапкер:

– Өкінішке қарай, алдыңғысында қажетті ұпай санын жинай алмадым. Енді бүгінгі тесттің қорытындысы көңілімнен шығады деген сенімдемін. Кейін осы университеттің Тіл және әдебиеті институтына оқуға түссем деген жоспарым бар.

Сынақты тек мектеп бітірген ұл-қыздар ғана емес, колледж түлектері де тапсырып жатыр. Бірақ, тестілеу ақылы түрде өткізілуде. Ол үшін талапкерлер бұған дейін 2 300 теңге төлеген. Айта кеткен жөн, Ұлттық бірыңғай тестілеудің 4-ші кезеңі санитарлық талаптарға сай өтіп жатыр.

Алмас Кенжеғалин – Kozybaev University қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары:

– Карантиндік шектеулерге байланысты барлық санитарлық-медициналық нормалар сақталынуда. Дезинфекциялық тоннель бар. Арақашықтықты міндетті түрде сақтай отыра, талапкерлерді аудиторияларға 2 метр қашықтықпен отырғызамыз. Жалпы, аудиторияда адам саны 15-тен аспайды.

Тестті орындау үшін 4 сағат уақыт беріледі. Ата-аналар сынақ барысын онлайн бақылай алады. Кейін қорытындысы дәл сол күні testcenter.kz сайтында жарияланады. Жалпы, тестілеудің 4-ші кезеңіне облыс бойынша 225 талапкер қатысып жатыр. 114-і бүгін тапсырса, қалғаны бақтарын ертең сынайды.

 

 

Жанна Бисенова