Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тұмауға қарсы вакцинаны көбірек алуға өңір қазынасынан қосымша ақша бөлінеді

Облыста коронавирус індетін жұқтыру қарқыны соңғы 1 аптада 1,5 есеге бәсеңдеген. Атқарушы билік отырысы осындай жағымды жаңалықтан басталды. Індет шегінуін жалғастыруда. Бас санитарлық дәрігеріміздің сөзінше, оң динамика 3-ші апта үздіксіз сақталып келеді. Осы уақыт аралығында тәуліктік өсім 4 пайыздан 0,7-ге бір-ақ түскен.

– Қазіргі ахуал мынадай. Наурыздан бері Солтүстік Қазақстан облысында 3750 науқас тіркелген. 2332-сі – сипмтомдылар, ал қалған 1418 жерлесіміздің бойында ауру белгі байқатпаған. Вирус тараған елді мекендердің саны – 635. Бұл облыстағы барлық елді мекендердің 40 проценті. Сондай-ақ, көктемнен бері өңір бойынша 80 мыңға тарта тест жасалыпты. Тескерістен өткендердің шамамен 5 пайызынан COVID-19 инфекциясы табылған.

Бүгіннен бастап карантин жұмсартылды. Бірақ, жұмысын қайта жандандырған бизнес өкілдеріне қатысты тексеріс күшейтіледі деп әкім ескертті. Санитарлық талаптар мен қауіпсіз дистанция сақталмаса, бұзушылыққа жол берген кәсіпкерлердің жұмысы тоқтатылмақ. Ол – ол ма, мамандар күзде індеттің тағы бір таралуын болжап отыр. Бұл – шамамен 2,5 айдан кейін тұмау және өзге де респираторлық аурулар маусымының басталуымен байланысты. Сондықтан, профилактикаға бет бұру керек дейді аймақ басшысы. Тұмауға қарсы дәстүрлі вакциналау қазанның 1-і басталады. Жыл сайын өңірге тәуекел топтары үшін екпенің 60 мың дозасы әкелінетін. Тек биыл бұл көрсеткіш әлдеқайда өспек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қосымша қаражат бөліп, тұмауға қарсы вакцинаны көбірек алуды тапсырамын. Ақша бар, медицинаға жауапты ведомство тағы қанша екпенің қажет екенін есептеп берсін. Осылайша, вакцинаны міндетті түрде жасатуы тиіс әлеуметтік топтардың тізімі кеңейтілсін. Ішкі істер органдарының мамандары, әскерилер, халықпен етене жұмыс жасайтын сауда саласының қызметкерлері, банк қызметкерлері, мұғалімдер мен тәрбиешілер екпе алуы керек.

Ал енді күн тәртібіндегі мәселе – өңірдің 7 айдағы даму қарқыны. Маңызды салалар бойынша -шылғи өсім.

Әрсен Қазбеков – СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Өткен жылғы сәйкес кезеңге қарағанда, негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі – 18,8 процентке, тұрғын үй енгізу көлемі – 16,2 процентке, құрылыс жұмыстарының көлемі – 14,5 процентке, өнеркәсіп өндірі – 8,1 процентке, ауыл шаруашылығы 2,8 процентке ұлғайды.

Қазбеков мырзаның ауызынан шыққан бұл құрғақ сандар – жай ғана статистика емес. Солтүстік Қазақстан облысындағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұтас көрінісі. Картина жаман емес.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Үш ай бойы өңір экономикасы қарқынды дамып жатқан өңірлер тобында. Барлық басты салалар бойынша өсім байқалады. Өнеркәсіптің дамуы бойынша біз көш басына шықтық. Бұл көрсеткіштер жыл соңына дейін сақталуы керек. Оған барлық мүмкіндіктер бар. Ең алдымен реордтық бюджет негіз болады. Соңғы айда біз шығындарды тағы 2 млрд теңгеге өсірдік. Бүгінде облыс бюджеті 324 млрд теңгені құрады. Жыл басында 64 млрд теңгеге аз болатын. 7 айдың ішінде біз 25 процентке бюджетімізді өсірдік.

Даму қарқынын айқындауда негізгі 5 көрсеткіш есепке алынады. Бұл, әрине, ауыл шаруалышығы, өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үйді қолданысқа беру және инвестициялар. Республикада – көшбасшылардың қатарындамыз, бірақ өңір ішінде бір қарынды майды шірітіп тұрғандары да жоқ емес. Өлкені артқа тартушы аудандардың тізімінде – Ақжар, Шал ақын мен Есіл. Бірақ, бір ауданның атауы өзгелерінен жиірек естілді.

Манағы 5 көрсеткіштің 3-уі бойынша бұл аудан жоспарды орындамай келеді. Бұл – басшылық жүктелген істі тындыра алмай жатыр не тындыруға ынтасы жоқ деген сөз. Айыртау тізгініне 5 ай бұрын келген 30 жастағы Дархан Әмрин де, өзге 3 аудан атқамінері де аймақ басшысынан осындай сын естіді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Теріс динамика – аудан әкімінің сылбырлығы мен жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауының нәтижесі. Аудандарға қаншама қаражат бөлініп жатыр, сіздерден керегі тек оны дұрыс жұмсап, жоспардағы жобаларды уақытында жүзеге асыра білу. Бірақ, кейбіреулеріңіз бұл қарапайым істі дұрыс атқара алмай келесіздер.

2020-ның бел ортасынан өтсек те қатемен жұмыс жасайтын уақыт әлі бар деді Құмар Ақсақалов. Сөзінше, бірде бір аудан жылды теріс көрсеткішпен аяқтамауы тиіс. Аяқтаса, әңгіме қысқа. Сюжет соңында – өнеркәсіп саласынан жағымды жаңалық. Киров атындағы зауыт ноутбук жинауға кірісті. Жыл соңына дейін атқарушы билік өңір мектептеріне арнап 12 мың компьютер алуды жоспарлап отырса, олардың 2 мыңы – Солтүстік Қазақстанда жиналған құрылғылар болмақ және бұл тек бастамасы ғана.

 

 

 

 

 

 

Саят Ермек