Соколов орман шаруашылығындағы еңбекқор жастар

Балалар

21:09 17 Тамыз 2020

Аумақты тазарту, сыпырғыш жасау, тұқым дайындау мен оларды жерге сіңдіру. Бұл – Соколов орман шаруашылығы. Мұндағы шаруаға жасылелдіктер білек сыбана кірісіп кеткен. Олардың бүгінгі міндеті – қоршауды сырлау. Тимур Чернооглу – “Жасыл ел” жасағының мүшесі. Еңбекқор жас колледждердің бірінде өрт инспекторы мамандығы бойынша білім алуда. 2 апта ішінде табиғатпен етене араласып, көп нәрсе үйренгенін айтады. Сонымен қатар, өңір жастарын қоршаған ортаны аялап, оны қорғауға шақырады.

Тимур Чернооглу, «Жасыл ел» жасағының мүшесі:

– Біз бұтақтарды жинап, сыпырғыш жасаймыз. Осы жерде жарты күн жұмыс істейміз. Кейін орманға барамыз. Жұмыс күні аяқталған соң үйге қайтамыз. Жазғы демалысымды қызықты да пайдалы өткіздім. Жалақым өзіме жетеді. «Алғашқы алған ақшамды қажетіме жұмсадым, ал екіншісін оқуыма төлемекшімін.

Зада Аманжолова – Соколов орман шаруашылығының орманды пайдалану ісі жөніндегі инженері. Маманның қызмет атқарып жүргеніне 15 жыл болыпты. Оның сөзінше, жастар әр шаруаны ынтамен, ұқыпты орындайды екен.

Зада Аманжолова, Соколов орман шаруашылығының орманды пайдалану жөніндегі инженері:

– Бір айлық ақылары – 75 мың теңге. Оның 50 пайызын – мемлекет, 50 пайызын Соколов орман шаруашылығы төлейді. Жастар қандай жұмыс болса да бәрін мұқият орындайды. Олар орманға барып, қайың тұқымын теруге, ағаш шығаруға көмектеседі. Шыршалы қылқанжапырақтылардың төменгі бұтақтарын алысады.

Ынталы жастар күнұзаққа дейін қызмет етеді. Жұмыс уақыты сағат таңғы 9-дан кешкі 6 жарымға дейін жалғасады. Мына жердегі ұл-қыздар қоршау сырлап жатса, қалған жұмысшылар тәлімбақта еңбек етуде. Соколов орман шаруашылығында аталған арнайы аумақтардың саны – 4-еу. Көлемі 3 жарым гектар жерді алып жатыр. Қазір қызметкерлер отырғызылған өсімдіктерді суаруда.

Наталья Евсюкова, Соколов орман шаруашылығының ормандарды қалпына келтіру жөніндегі инженері:

– Сондай-ақ, жасылелдіктер қайың тұқымын жинаумен айналысады. Мәселен, Налобинодағы тәлімбақтан бір жазда 180 келі жинауымыз керек. Тұқым теріліп, тексеруден өткен соң оны тәлімбаққа қайтадан егеміз.

Келесі жылы жас көшеттер қазылып алынып, орманға отырғызылады. Айта кеткен жөн, “Жасыл ел” қозғалысына биыл 15 жыл толып отыр. Өңірде “Жасыл ел” жасағының қатарындағы солтүстікқазақстандықтардың саны 400-ден асады. Олардың дені орман шаруашылықтарында еңбектеніп жүр.

 

Алтынай Қазиқан

Бұдан әрі оқыңыз

“Өрлеу” филиалында оқушыларға арналған онлайн кездесу өтті
Петропавлда пікірсайыс турнирі өтті