COVID-19: Қазақстан

Петропавлдағы провизорлық стационарларда жүктеме азайған

Жаңылкеш Жұманова ауруханадағы атмосфераны жақтырмайтынын жасырмайды. Бірақ, жуырда “көпбейінді” деген статус алған 3-ші қалалық аурухананың қызметкерлерін тек жылылықпен еске алады. “Рақмет!” Нәзіжандының сөзінше ақхалатты абзал жандарға бұл сөзді миллион рет айтсаң да артық етпейді. Қос өкпесі қабынған оны мамандар екі апта бойы күтіп, емдеген. Нәтижесінде аман-сау күйінде үйіне жіберіпті.

Жаңылкеш Жұманова, қала тұрғыны:

– Жөтел қысып, температурам көтеріліп, тамағым ауырып, ауруханаға келдім. Бірден флюорографияға түсіп, екіжақты пневмония деп, жатқызды. Шын жүрегімнен мені тексеріп, емдеген дәрігерім Айжан Қазбеққызына, медбикелерге, санитарларға рақмет айтамын.

Пневмонияны жеңген тағы бір жерлесіміз – Қарлығаш Арғымбаева. Бірақ оның оқиғасы мүлде өзгеше. Дертке шалдыққанда бойжеткен жүкті еді. Соңғы, 9-шы ай болатын. Өкпесінің 85 пайызының зақымданғанына қарамастан Қарлығаштың аман-есен жаны қалады. Дүниеге екінші қызын әкелген ана ауруханадағы 42 күннен кейін бүгін үйіне жіберілді.

Қарлығаш Арғымбаева, қала тұрғыны:

– Жағдайым жақсы, тіпті өте жақсы десем болады. Бала да сау, ол қазір әкесімен үйде. Мені емдеп шыққан 3-ші қалалық аурухана қызметкерлеріне, нәрестемді күткен перинаталдық орталық мамандарына мың рет алғыс айтамын. Әрине, жаңа туған қызымнан жырақта жату оңай болмады. Бірақ, дәрігерлер, медбикелер мен санитарлар үлкен моральдық қолдау білдірді.

Тек ауруханадан шығу емдеуді доғару керек деген сөз емес. Дәрігерлердің зор еңбегіне қарамастан, жас ана – Қарлығаштың өкпесі әлі де әлсіз.

Бекзат Мейірқұлов, қалалық көпсалалы аурухананың терапевт-дәрігері:

– Алдағы уақытта ол кісі 14 күн ішінде карантин режимін сақтауы тиіс. Кейін коронавирус инфекциясына тест тапсырады. Нәтиже теріс болған жағдайда, симптоматикалық және реабилитациялық ем жүргізіледі. Біздегі пациенттердің көбісі пневмониямен жатқандықтан, негізгі ем ретінде антибиотиктер қолданылады, әрі қанды сұйылтатын процедуралар жасалып, симптоматикалық ем жүргізіледі.

Тыныс алу гимнастикасы, дұрыс тамақтану, таза ауадағы серуен және өзге адамдармен тікелей қарым-қатынасты қысқарту. Пневмонияны жеңген әр пациентке дәрігерлер осындай кеңес береді. Қазір мұндағы провизорлық стационарда кереуеттердің жартысынан көбі бос. Алайда, бұдан бір ай бұрын жағдай тіпті басқа болған еді.

Бекзат Мейірқұлов, қалалық көпсалалы аурухананың терапевт-дәрігері:

– Әңгіменің шыны керек, ол кезде маман жетіспеушілігі қатты байқалды. 120 науқас жатты ол кезде, көбі дәліздерге жайғастырылды. Ал қазір бәрі жақсы. 40 пациент ем алып жатыр.

Қазір қалалық көпбейінді аурухананың провизорлық стационарында 10 дәрігер жұмыс істейді. Індетпен күресте оларға 70-ке жуық медбике мен санитар көмектесуде.

 

 

 

 

 

Саят Ермек