Көлік және жолдар

Көліктік бақылау инспекциясы биыл 3 мыңға жуық көлікті тексерген

Аймақтың көліктік бақылау инспекциясы ауыр жүк көліктерінің жүру ережелерінің сақталуын тұрақты түрде бақылайды. Ерекше назарда – ауыр жүк көліктері, соның ішінде самосвалдар. Өйткені, құрылысқа қажетті материалдарды тасымалдау кезінде тәп-тәуір жолға салмақ түсіп, бұзылып қалуы мүмкін.

Руслан Сейталин – СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы:

 – Сонымен қатар, бақылауды жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отыра жүзеге асырамыз. Атап айтқанда, прокуратура, полиция департаменті және қала мен облыс әкімдіктері.

Жүк көліктерінің қозғалысын бақылауды күшейту мақсатында өңірде арнайы мобильді топтар құрылған екен. Мамандар рейдтік іс-шаралар жүргізіп, көліктегі жүктің салмағы нормаға сай ма, жоқ па соны тексереді. Талап орындалмаған жағдайда тасымалдаушы тарап әкімшілік жауапқа тартылады. Мәселен, жуырда мұндай тексерулердің бірінде жүргізуші темір тұлпарын таразыға қоюдан бас тартқан.

Руслан Сейталин – СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы:

– Бұл оқиға тамыздың 10-ы күні Бескөл ауылының маңында болды. Инспекция мамандары ресейлік қиыршық тас тиелген МАЗ жүк көлігін тоқтатқан еді. Жүктің салмағы – 20 тонна шамасында. Рөлде отырған ер адам темір тұлпарын сол жерде тастап, кетіп қалған. Аталған факті жайлы полиция қызметкерлеріне хабарладық.

Шамамен 1 сағаттан кейін жүргізуші қайтып келіп, жол жиегіне қиыршық тасты түсірді дейді мамандар. Бұл оқиға қызметтік бейнежетонға тіркелген екен. Нәтижесінде заң бұзған ер адам 143 мың теңге шамасында айыппұл төлеуі тиіс. Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 3 мыңға жуық көлік тексеріліп, 31 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

 

 

 

Жанна Бисенова