Қоғам

Биыл өңірге 400-ден аса отбасы көшіп келеді

Үстіміздегі жылы “Еңбек” бағдарламасы аясында өңірге 400-ден астам отбасыны қабылдау жоспарланып отыр. Қазіргі күні олардың 370-ке жуығы жаңа баспанаға ие болған. Көшіп келген жандар екі қолға бір күрек тауып, кейбірі жеке кәсібін ашуда. Статистикаға қарап мемлекеттік жоспар нәтижелі түрде іске асырылып жатыр деп айтуға толық негіз бар. Жақында арна тілшілері Аққайың ауданына қоныс аударған ағайынмен жүздесіп жағдайларын біліп қайтқан болатын.

Рахматуллаевтар отбасы теріскей жеріне осыдан тура 1 жыл бұрын Алматы облысынан көшіп келді. «Еңбек» бағдарламасы мен солтүстіктің шырайлы табиғаты жайлы азамат өзінің жақын танысынан естіпті. Ол да аққайыңдар өлкесіне күнгейден қоныс аударған. Үкімет жұмысқа орналастырып, үй алуға субсидия береді дегенді естіген отағасы көп ойланбай тұрғылықты мекен жайын өзгертуді шешеді. Қазір көпбалалы отбасы Аққайың ауданына қарасты Смирново селосында тұрып жатыр.

Индира Ордабаева – Смирново селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Мұнда күйеуім екеуіміз мамандығымыз бойынша жұмысқа тұрдық. Балаларым болса кезексіз балабақшаға орналасты. Биыл, міне, үлкен қызым даярлық сыныбына барады.

Жалпы, былтыр Аққайың ауданына жұмыс күші басым аймақтардан 52 отбасы көшіп келіпті. Бұл шамамен 190 адам. Олардың басым бөлігі аудан орталығында тұрып жатыр. Қоныс аударушылар үшін баспана жалға беріледі. Орташа есеппен алғанда әр отбасы ай сайын 6 мың теңге төлейді.

Ерлан Байтенов – Аққайың аудандың жұмыспен қамту орталығының маманы:

–  Биыл 52 үй салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі күні ауылдық аймақтарда жұмыстар басталып кетті.

Қоныс аударғандар міндетті түрде жұмысқа орналасулары тиіс. Қазіргі күні Владимир Рахматуллаев Жұмыспен қамту орталығында ассистент болып қызмет етеді. Ал оның жұбайы Индира – мұғалім. Ол жергілікті мектепте ағылшын тілінен сабақ береді.

 

 

 

Бердимурат Баймухан