Денсаулық сақтау

72 жастағы жерлесіміздің жүрегіне заманауи имплант орнатылды

Қазір мамандар науқастың жүрек бұлшықетіне кардиовертер дефибрилляторын орнатуда. Бұл – заманауи медициналық құрал. Аталған аппарат кездейсоқ өлімнің алдын алып қана қоймай жүрекке электротерапия жүргізеді. Мәселен, адамның жүрегі тоқтап қалып жатса, аталған құрылғы қысқа уақыттың ішінде оны сезіп, электр импульсін береді. Осылайша ол жүрек соғысын қайта қалыпқа келтіреді. Бұған дейін мұндай медициналық көмек тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды мен Шымкент қалаларында ғана жасалатын. Ал енді бүгіннен бастап жерлестеріміз де бұл заман игілігіне қол жеткізе алады. Солтүстікқазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасуға елордалық аритмолог-дәрігер Қуандық Садуев келді. Маманның айтуынша ол 100-ден астам имплантация жасапты.

Қуандық Садуев – Ұлттық ғылыми медициналық орталығының аритмолог-дәрігері, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Бұл құрылғы адамның сол жақ бұғанасының астына орнатылады. Ол жерді 5-6 см-дей кесу арқылы 1 немесе 2 электродты имплантациялаймыз. Кейін ол электродтарды кардио дефибрилляторға жалғаймыз. Ота жергілікті анестезия арқылы жасалады. Науқас ол кезде барлығын көріп, естіп жатады. Аппарат 5-7 жылға дейін қызмет етеді.

Шеберлік сағаты барысында маман 72 жастағы әйелге ота жасады. Зейнет жасындағы азаматша жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан. Операцияға 1-2 сағаттай уақыт жұмсалады. Жаңа хирургиялық технология жалпы анестезияны қажет етпейді. Сонымен қатар, имплантация түрлі асқынулардың қаупін төмендетеді.

Мақсат Құдратуллаев – көпбейінді облыстық аурухананың кардиология блогының жетекшісі:

– Кардиологиялық ауруы бар науқастарымыздың ішінде өмірге қауіпті жүрек ырғағының бұзылуы мәселесі бар жандар бар. Біз Кардиологиялық орталыққа Германия елінде шығарылған 3 құрылғы алдық. Бүгін арнайы тексеріліп, таңдалып алынған 3 науқасқа соны орнатамыз.

Заман игілігінің құны 2,5 млн теңгеден асады. Мұндай аппарат жүрек жеткіліксіздігінің ауыр түрі бар науқастар үшін аса қажет. Мамандардың айтуынша құрылғы науқастарға тегін орнатылатын болады.

Осы сәтте көрермендерге спорт әлемінде болған мына бір жайтты көрсеткіміз келеді.
Бұл Даниель Энгельбрехт. Осыдан 7 жыл бұрын неміс футболшысы өмірімен қош айтыса жаздады. Тура ойын үстінде тепсе темір үзетін жігіттің жүрегі тоқтап қалады. Қуанышқа орай 24 жасар спортшыны дәрігерлер аман алып қалады. Тексере келе одан жүрек бұлшықетінің қабынуы мен ырғақтың бұзылуы анықталған. Жүрегіне ота жасалған соң 1 жылдан кейін футболшы алаңға қайта оралады. Мұнда Даниэльдің кеудесіне жүректің жұмысын бақылайтын және ауруларды анықтайтын дефибриллятор орнатылған. Оның көмегімен азамат маңызды ойынның бірінде шешуші голды соғып, командасына жеңіс сыйлады.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан