МТРА жаңалықтары

Сенбі-жексенбі күндері карантин қатаңдатылады

Полицейлер, санитарлар мен прокурорлар бірлесіп облыс бойынша 400-ден астам нысанды тексерген. Талаптарды бұзу фактілерінің саны 900-ге жуықтайды.

Сағындық Темиреев – Петропавл қалалық ПБ бастығының орынбасары:

– Дүкендер бойынша – 238, дәмханалар бойынша – 25, жағажайларда 12 бұзушылық анықталды. Талаптарды бұзған ательелер де бар. Ал үй карантинін бұзу бойынша 22 бұзушылық анықталды.

21 бұзушылық автобустарда, 1-уі туризм нысанында тіркелген. Тағы 1 қоғамдық моншаның тыйымға қарамастан жұмыс жасағаны анықталды, 1 той әшкереленді, көшеде бетпердесіз жүрген 60-қа тарта жерлесіміз айыппұл арқалады. Тізім ұзақ. Десе де, қатаң карантин көмектесті. Бүгінде Солтүстік Қазақстанда бір тәулікте әрі кетсе 30 науқастан індет табылады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 150-200-ге жеткен еді.

Саят Ермек – тілші:

– Эпидахуал біздің өңірде ғана емес, тұтас ел бойынша жақсарып жатыр. Бұл жайлы аптаның басында Денсаулық сақтау минстрінің өзі мәлімдеген еді. Сондықтан, тамыздың 17-сінен бастап бірқатар шектеулер жұмсартылады. Сауда орталықтары, сұлулық салондары, фитнес-залдар мен сауна-моншалар ашылады, тек соңғы екеуі бассейнсіз. Бұл тізімге қосымша білім беру орталықтары мен ашық аспан астындағы аттракциондар да кіреді. Ал балабақшаларда кезекші топтар құрылмақ. Өзге қағиадалар әзірге күшінде қалады.

Шектеулер алдағы дүйсенбіде алынбақ, ал демалыс күндері локдаун өлкеде, керісінше, қатаңдатылады.

Әсет Жұматаев, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

 – Қоғамдық тамақтану объектілері жабылады. дегенмен, үйге жеткізуге, шығарып сатуға болады. Азық-түлік дүкендеріне, дәріханалар мен ауыл шаруашылығы техникалық дүкендерінен басқа сауда орындары жұмыс істемейді.

Бұл – жаңашылдықтар. Ал өзге тыйымдар солтүстікқазақстандықтарға жақсы таныс. Екі күн бойы қоғамдық көлік жүрмейді, тіпті саяжай маршруттары тоқтайды. Көшеде мақсатсыз серуендеуге, той өткізуге, қонақ шақыруға және қонаққа баруға болмайды.

 

 

 

 

Саят Ермек