Білім

Петропавлдық мектептер жаңа оқу жылына дайын

Маржан Қасымбек –тілші:

– 1-ші қыркүйекте Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушылары дәл осы жерде салтанатты түрде сап түзейтін. Бірақ, биылғы жағдай өзгеше. Шара қашықтықтан өтеді, қоңырау да онлайн соғылады.

Оқу процесінде де өзгеріс. Санитарлық нормаларды сақтай отыра мектеп қабырғасында білім алу мүмкіндігі бастауыш сынып балаларына берілген. Қалғаны қашықтықтан оқымақ.

Күлтәй Мұқанова – Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының директоры:

– Бұл – біздің 1-ші сынып оқушылары білім алатын кабинет. Парталардың арақашықтығы – 1 жарым метр. Әр орында 1 оқушыдан отыратын болады. 16 кезекшілік сыныптары бар. Ұл-қыздардың саны 10-15-тен артпайды. Кіргеннен бастап қолды тазалау, аяқтарын сүрту, кварцтау шаралары жүргізіледі.

Мектепте 180 бала білім алатын болады. Тағы 20 оқушының ата-анасы үйден оқуды жөн көрген.
Айта кетейік, биыл білім ұясының табалдырығын алғаш рет 20-дан астам балғын аттағалы отыр. Олардың басым көпшілігінің құжаттары электрондық жүйе арқылы қабылданған. Өтінішті осында келіп жазғандары да бар екен.

Енді сабақтардың жайына тоқталып өтсек.

Күлтәй Мұқанова – Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының директоры:

– Сабақ екі кезең бойынша өтетін болады. Қоңырау кестесі – 15 минуттан. Ол кезде кабинеттер жуылып-тазаланады. 1-ші сынып демалуға шықса, 2-шісі сабақ оқитын болады.

Бастауыш сыныптардың оқушылары негізгі сабақтарды мектепте өтеді. Ал дене шынықтыру, өзін-өзі тану, технология, музыкадан берілген тапсырмаларды үйде орындап, мұғалімдерге әлеуметтік желілер арқылы жіберіп отырады.
Ал жоғары буын оқытушылармен онлайн байланысады.

Күлтәй Мұқанова – Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның директоры:

– 5 пен 11-ші сынып оқушылары сабақты Microsoft Teams бардарламасының көмегімен өтетін болады. Ұл-қыздардың жағдайы жасалған. Бір үйде екі-үш бала болып телефон жетпей жатса, мектептің ноутбуктарын береміз.

Мектеп ұжымы жуырда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға оқу процесіне қажет 32 ноутбук табыс еткен.

 

 

 

 

Маржан Касымбек