МТРА жаңалықтары

Петропавлда жылыту маусымына 640-қа жуық үй дайын емес

Людмила Шилкина – Театральная көшесі бойындағы 10 қабатты 47-ші үйдің кооператив төрайымы. Баспанаға 20 жыл еңбегі сіңген нәзікжанды тұрғындардың жылыту маусымына мамыр айынан бері кірісіп кеткендіктерін айтады. Ең алдымен, олар ақша жинап, ескіріп, тесіліп біткен шатырды ауыстырыпты. Жақында құбырларды жуып-шаймақ.

Людмила Шилкина – «Северный» ПК төрайымы:

– Күні кеше арматураны тексердік. Ешқандай ақаулықтары жоқ болып шықты. Енді тамыздың 18-і желілерді жумақшымыз. Шаруаны 2-3 күнде аяқтауға тиіспіз. Одан соң жылыту маусымына дайын екендігімізді дәлелдейтін паспорт аламыз.

Интернациональная көшесінің тұрғындары да қысқа қамданып жатыр. 24-ші үйде биыл су жылытатын құрылғы жаңартылған Енді, алдағы күндері құбырларды тазалау жұмыстары бастау алмақ.

Гүлнәр Кәрібаева – «Буратино» ПИК төрайымы:

– Біздің баспанамыз жылыту маусымына 80 пайызға дайын. Осыған дейін бірқатар ұсақ-түйек жұмыстарды тындырдық. Шатырдың тесілген тұстарын жамап, үйдің кей жерлерін сырладық. Ескі бойлерді жаңасына ауыстырдық. Енді алдағы 4-5 күнде құбырларды тазалаймыз.

Екі баспана да жылыту маусымына 1 апта ішінде толық дайын болады. Ал қалада тағы 440-тан астам үй қысқа қамданып, арнайы паспорт алып үлгеріпті. Алайда, 640-қа жуық нысанда тиісті іс, тіпті, әлі басталмаған да көрінеді.

Сергей Худяков, қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы:

 – Тұрғын үйлердегі мәселелерді шешіп, жөндейтін жерлерді жөндеп алуға әлі уақыт бар. Бұл шаруаны қыркүйектің ортасына дейін атқаруға болады. Алайда, тамыз айының соңына дейін құбырлар жылыту маусымына дайын болуы шарт! Өйтпеген жағдайда жылу биыл уақытынан кеш беріледі. Мұны арнайы мамандар мамыр айынан бері ескертіп келеді.

Биыл Петропавл жылу желілері серіктестігі де қысқа мықтап дайындалып жатыр. Қазір мамандар Крепостная мен Совет көшелері бойында қызу жұмыс жүргізуде. Мұнда ұзындығы 4 шақырымды құрайтын 7-ші магистарль ауыстырылып жатыр.

Виталий Холоша – “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженері:

– Крепостная, Совет, Алматы көшелеріндегі құбырлар жылу желілерін қайта жаңарту инвестициялық бағдарламасы аясында ауыстырылуда. Шаруаны атқаруға 2 жарым млн теңге қарастырылған. Жалпы, биыл қала ішінде 14 шақырымдай құбыр жаңартылады. Қазірге дейін істің 53 пайызы атқарылды.

Жылу құбырларын жаңғырту жұмыстары жылыту маусымы басталғанға дейін тәмамдалады.

 

 

 

Маржан Касымбек