Спорт

Өңір спортшылары марапатталды

Ольга Вернер – қысқы президенттік көпсайыс бойынша спорт шебері. Өзінің кәсіби ісін 18 жыл бұрын бастапты. Осы уақыт аралығында Ольга жазғы және қысқы Президенттік көпсайыс бойынша ел чемпионаттарында бірнеше дүркін чемпион атанып, өңір намысын талай мәрте қорғаған. Нәзікжандының еңбегі еленді. Бүгін ол ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ольга Вернер – қысқы Президенттік көпсайыстан ҚР спорт шебері:

– Биыл пандемияға байланысты тек 2 рет қана ел чемпионатына қатыстық. Қиындықтарға қарамастан біз шынығуды тоқтатқан жоқпыз. Басында үйде жаттығу жасасақ, қазірде саябақтарда жүгіріп жүрміз. Өмірімді спортсыз мүлде елестете алмаймын.

Жас спортшылардан бөлек, марапатқа осы салада қажырлы еңбек етіп жүрген жандар да ие болды. Еңбегі еленгендердің қатарында спорт саласының ардагері, Қазақстанның құрметті спорт қайраткері Жамбыл Тасеменов бар. Жамбыл Серғазыұлы спорт саласында көп тер төкті. 75-тегі ардагер облысымызда дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының негізін қалап, бірталай шәкірт тәрбиелеп шығарған екен.

Жамбыл Тасеменов – Қазақстанның құрметті спорт қайраткері:

– Спорт интернатын ашқаннан кейін шәкірттерім жетістікке жете бастады. Атап кетсек, күрестен 6 бала мен 4 қыз республика чемпионы атанды. Осылайша, ақырындап нәтиже көрсете бастадық.

Жамбыл Тасеменов бұрынғы жастарда спортпен айналысуға дұрыс жағдай болмаған дейді. Тіпті, кей жылдары бұл сала мүлдем қаржыландырылмаған екен. Салдары қанаты енді қатайып келе жатқан жас спортшыларға тиеді. Алқазір жағдай бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы. Өскелең ұрпақ үшін түрлі спорт кешендері салынып, көшелердің өзінде жаттығу алаңдары орнатылған. Бұл мүмкіндікті ұл-қыздар пайдаланулары тиіс.

Сергей Мелехов – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Пандемияға қарамастан біз құрылыс жұмыстарын тоқтатқан жоқпыз. Биыл “Еңбек” бағдарламасы аясында өңірдің спорт саласына 422 млн теңге бөлінді. Ал бұл былтырғы жылдан екі есе көп. Бұл сома спорт кешендерін жөндеуге бағытталады. Сонымен қатар, жыл соңына дейін облысымыздағы 6 ауданда салынып жатқан спорт кешендерінің құрылысы аяқталмақ. Оған қазынадан 2,5 млрд теңге жұмсалады.

Жалпы, облыс бойынша 176 мыңнан аса адам спортпен шұғылдануға ден қойған. Олардың 14 мыңға жуығы кәсіби түрде айналысады.

 

 

Жанна Бисенова