МТРА жаңалықтары

Айыртау ауданына биыл барлығы 52 отбасы қоныс аударады

Шәріповтер жанұясының ақ қайыңдар өлкесіндегі хикаясы 2019 жылдан бастау алады. Былтыр тамызда отбасы Айыртау ауданына қонаққа келіпті. Дәл осы жерде Солтүстік Қазақстанға қоныс аудару мүмкіндігі туралы естіген. Уақытты босқа жоғалтпай Данияр мен Хорлан бірден құжаттарды рәсімдеуге кіріседі. Ал тура екі аптадан соң Айыртауға көшіп келеді. Мұндай батыл қадам жасауға себеп болған – баспана жайы дейді ерлі-зайыптылар.

Хорлан Шәріпова – Саумалкөл ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– Жұмыс істедік 10 жыл. Бизнесіміз болды, пісірген тағамдарды дүкендерге өткізетінмін. Бірақ, үй ала алмадық. Жер қымбат болды. Қаладағы 10 соттық жер – 7-8 млн теңге.

Алдымен отбасы жалдамалы үйге жайғастырылыпты. Пәтерақы жергілікті атқарушы билік есебінен төленген. Ал 2,5 айдан соң жанұяның көптен күткен арманы орындалды. Желтоқсанда Шәріповтер су жаңа баспанада қоныс тойын тойлады. Үй жайлы, жарық әрі өте кең – 100 шаршы метр. Жұмыс бойынша да қиындық туындамаған көрінеді. Отанасы – аспаз әрі кондитер. Келіншек бүгінде саумалкөлдіктерді дәмі тіл үйіретін тоқаш, бәліш, бауырсақпен қамтып отыр. Кулинариялық ісін ашу үшін ол мемлекеттен 555 мың теңгелік грант алыпты.

Хорлан Шәріпова – Саумалкөл ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– Алда карантин бітетін болса, кондитерлік цех ашатын ой бар. Тоқаштарды пісіріп, дүкендерге өткізгім келеді. Қазір, әзірге үйде жұмыс істеп жатырмын. Біреу пирогқа, енді біреу бауырсаққа тапсырыс береді.

Отағасы Данияр да жиһаз жасау ісін қолға алмақ ниетте. Ерлі-зайыптылардың сөзінше, бейімделу кезеңі ұзаққа созылмаған. Жергілікті тұрғындар қоныс аударушыларды құшақ жая қарсы алып, қолдау көрсетіпті. Әкімдік те келгендерді барынша қанаттарының астына алып жатыр. Биыл барлық қоныс аударушыларға жергілікті билік 25-30 тауықтан тегін таратыпты. Қысқасы Шәріповтер жанұясы үшін ақ қайыңдар өлкесінде жаңа өмір басталды. Мұндай мүмкіндікке биыл тағы да ондаған отбасы ие болады.

Нұрболат Ғалымов – Айыртау аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Биыл бағдарлама бойынша ауданға 52 отбасы келеді. Бүгінде 25-і келді. Қазір оларға үй жалдадық. Жұмыспен қамтыдық. Барлық жағдай жасалған.

Тұрақты жұмыс орны мен баспанадан бөлек, қоныс аударушылардың көшіп келуіне де Үкіметтен қаражат бөлінеді. Әр адамның жолына 35 АЕК, яғни 97 мың теңгеден аса қаржы бөлінуде.

 

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова