Білім

Трудовое селосындағы орта мектепке 20 млн теңгенің жөндеуі жүргізілуде

Бұл Аққайыңдағы Уфа Ахмедсафин атындағы орта мектеп. 50 жылда бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген білім ошағының шатыры да тесілген. Қар мен жаңбыр жауса, үстінен су тамшылайтын көрінеді. Мұғалімдер жылда жаз айларында жыртық жерлерін жамау үшін қолдан келгеннің бәрін жасапты. Бірақ, оның берер пайдасы шамалы. Десе де, өткен жылдан бері жағдай жақсарып келеді дейді директордың міндетін атқарушы Зәуреш Сағындықова.

Зәуреш Сағындықова – У.М.Ахмедсафин атындағы Совет орта мектебі директорының міндетін атқарушы, Аққайың ауданы:

– Былтыр жылыту жүйесі ауыстырылды. Жаңа батареялар қойылды, қазандық орнатылды. Биоотын жағылады. Қыстан тоңбай шықтық. Ескі ағаш терезелер заманауи пластик баламасына алмастырылды. Бұның бәріне «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 10 млн теңге жұмсалды.

Мектеп ұжымы биыл да «Еңбек» бағдарламасының шарапатын көріп отыр. 20 млн теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Оған интернаттағы жатын бөлмелер жөнделген. Қабырғалары сырланып, еден оңдалып, есіктері ауыстырылған. Қазір жұмысшылар төсек-орындарды қайта орналастырып жатыр.

Мектептің төбесі мен спорт залы да жаңаланған.
Ал білім ошағының жанынан заманауи футбол алаңы тұрғызылыпты. Енді кезекті оқу жылында спортсүйер ұл-қыздар ашық аспан астында жаттығатын болады.

Денис Ткаченко – У.М.Ахмедсафин атындағы Совет орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі, Аққайың ауданы:

– Футбол алаңының орнатылуын оқушылар көптен бері күтіп жүрген еді. Менен ол туралы жиі сұрайтын. Балалардың қуанышында шек жоқ. Спорттық бағытта бірнеше үйірме ойластырып қойдық. Спорттық алаңның мүмкіндігін молынан пайдаланатын боламыз.

Мектептегі жөндеу жұмыстарын 2 бірдей мердігер жүргізіп жатыр. Тиісті шаруаны кесте бойынша тамыздың 16-сында аяқтау жоспарланып отыр.

 

 

Маржан Касымбек