Денсаулық сақтау

Тұрғындар медсақтандыруға қатысты өз мәртебелерін анықтаулары қажет

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтардан іске қосылды. Содан бері қазақстандықтарға шілдеге дейін жеңілдік мерзімі берілген болатын. Осы аралықта қазақстандықтардың барлығы 2 пакетте көмек алды. Яғни, ол – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі жәрдем. Бұл жерлестерімізді аталған жүйедегі мәртебелерін белгілеп алулары үшін жасалды. Қазір сынақ мерзімінің уақыты аяқталды. Енді 1-ші шілдеден кейін еліміздің әр азаматы өз мәртебесін анықтаулары және осы аралықта төленбеген соманың орнын толтырулары қажет. Әйтпесе, алдағы уақытта дәрігердің көмегін алуда біраз қиындықтар туындауы мүмкін.

Қарлығаш Ілиясова – “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Азамат өз мәртебесінің сақтандырылғанын электрондық үкімет порталы, телеграм бот немесе мобильдік қосымша арқылы қарай алады. Сондай ақ, азаматтар ол жерден қай айларда төлемегендерін көре алады.

Медициналық сақтандыру қорына аударым жасалмаған жағдайда азаматтар өз жұмыс берушілеріне жүгінулері қажет. Сонымен қатар, тұрғындардың арасында жұмыссыз және өз-өзін жұмыспен қамтып отырған жандар бар. Олар қорға қаржыны өздері төлеулері керек. Егер аударым жасау мен мәртебені анықтауда қиындықтар туындап жатса азаматтар 1406 колл-орталығына жүгіне алады дейді мамандар.

Қарлығаш Ілиясова – “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар зейнеткерлер жеңілдік санатына кірмейді. Сол себепті, олар медициналық сақтандыру қорына аударым жасауға міндетті. Яғни, ең төменгі жалақыдан 5 пайыз көлемінде жарна төлеулері тиіс, бұл – 2125 теңге. Айта кеткен жөн, бұл азаматтар аударымды тек терминал арқылы жасай алады. Себебі, банктер мен Қазпошта филиалдары әзірше төлем қабылдамайды.

Брифинг барысында өңір тұрғындарынан сұрақтар да болды. Мәселен, Шал ақын ауданының тұрғыны сәуір айында 42500 теңгенің жәрдем ақысына өтініш берген кезде бірыңғай жиынтық төлем жасаған екен. Ал емханадағы дәрігерлер болса оған сақтандырылмағансыз депті. Осы сауалмен азаматша тікелей эфирде мамандарға жүгінді.

Қарлығаш Ілиясова – “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Әлеуметтік көмекті алу үшін сәуірде көп адамдар бірыңғай жиынтық төлем жасай бастады. Егер бұл азаматша бұл аударымды қаңтар айынан бастап бүгінге дейін төлеген болса оның мәртебесі сақтандырылған болар еді.

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні. Көп сұрақ туындамас үшін жұмыс берушілер мен өз-өзін жұмыспен қамтығандар медициналық сақтандыру қорына ай сайын аударым жасап отырса болды. Бұл – мәселені шешудің бір ғана жолы.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан