МТРА жаңалықтары

Келбеті көркейген көне көше

Потанин – облыс орталығының ең көне көшелерінің бірі. Мұндағы үйлердің саны 130-ға жуықтайды. Баспаналардың әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Алайда, олардың көбі 100-ді алқымдап, әбден ескірген. Ал қазір басым көпшілігінің ажары ашылған. Шатырлары ауыстырылып, қасбеті қапталып жатыр. Тағы ағаштан жасалған қоршаулар орнатылыпты. Тура бір ертегі әлемі секілді.

Иманғали Тәттібаев – қала тұрғыны:

– 15 жылдың ішінде көшеде мұндай өзгерістердің болып жатқанын алғаш рет көріп отырмын. Облыс пен қала әкімдеріне және барлық жұмысшыларға алғысым шексіз.

Ең қызығы, баспаналардың бәрі көне орыс стилінде әрленуде. Іске қаржыны облыстың бірнеше кәсіпкері құйған. Бұл олардың шаһарға жасаған сыйлығы десе болады. Мұны біз бұған дейінгі репортаждардың бірінде айтқан едік. Кейпі жақсарған үйлердің жанына әткеншектер мен орындықтар да қойылған. Алдағы күндері балғындарға арналып 9 ойын алаңқайын орнату жоспарда. Оң өзгерістер көше тұрғыны Нұргүл Айтқұлованы қуантқан көрінеді.

Нұргүл Айтқұлова – қала тұрғыны:

 – Мен бұл үйде 20 жылдан астам уақыт тұрып жатырмын. Баспана ескірген болатын. Қазір адам танымастай өзгерді. Мамандар барлығын бізбен ақылдасып жасады. Шатырдың түсіне дейін өзіміз таңдадық. Одан қалды, балаларда бұрын ойнайтын жер болмаған еді. Енді ұлыммен бірге үй маңына шығып, серуендеуге мүмкіндік бар.

Мамандардың сөзінше Ойқаладағы дәл осы Потанин көшесін қалыпқа келтірудің тарихи маңызы бар. Сонау 1752 жылы Петропавл бекінісінің іргетасы дәл осы жерден қалана бастаған. Яғни, көше шаһардың сол кездегі қақпасы болса керек.

Жанат Баймусинов – Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының бөлім меңгерушісі:

– Бұрын тұрғындар, шаруалар, көпестер мен қолөнершілер үйлерін осы Ойқалада салған. Сондықтан, бұл тарихи маңызы бар көшелердің бірі. Ол бекініспен қатар пайда болса керек. Бастапқыда Станичная деп аталса, 99-шы жылы Потанинге өзгертілген. Көше атауы жерлесіміз, танымал ғалым, саяхаттанушы Григорий Потаниннің құрметіне қойылды.

Бұл жердегі жаңғырту жұмыстары қазанның соңында тәмамдалуы тиіс. Алайда, карантинге байланысты белгіленген уақыт кейінге шегерілуі мүмкін.

 

 

 

 

Жанна Бисенова