Көлік және жолдар

Биыл СҚО-да мың шақырымнан аса жол жөнделеді

Қазіргі күні облыстың инфрақұрылымында 9 мың шақырымға жуық жалпы пайдаланымдағы автожол бар, оның ішінде 2 мыңға жуығы – республикалық маңызы бар, ал 7 мың км-рі жергілікті. Теріскей өңірі автомобиль жолдарының ұзындығы бойынша республикада 3-ші орында тұр екен. Яғни, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарынан кейін. Мамандардың айтуынша жыл сайын жолдардың сапасы жақсарып келеді. Мәселен, былтыр жөндеу жұмыстарына республикалық және жергілікті бюджеттен 30 млрд теңге бөлініп, 700 шақырымға жуық жол жөнделген.

Мақсат Баяхмет – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Осы орайда облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 61-ден 65%-ға дейін артты. Яғни, біз биыл 1 млрд 97 млн теңгеге Краснокиевка мен Новоберезовка селоларының арасындағы ұзындығы 8 км аумақты жаңаладық. Сонымен қатар, 3 млрд 324 млн теңгеге 31,6 шақырым автожолға – күрделі жөндеу және 12,5 млрд теңгеге 356,6 шақырымға орташа жөндеу жүргіздік.

Шаруа бүгін де жалғасын табуда. Биыл бұл мақсатқа 39 млрд теңге қарастырылыпты. Аталған сомаға мың шақырымнан астам автожол мен елді мекендердің көшелерін жөндеу жоспарда бар.

Мақсат Баяхмет – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Биыл республикалық маңызы бар – 96, облыстық – 264,3 және аудандық 335 км жол жөнделеді. Сондай ақ, «Ауыл – Ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары бойынша елді мекендердегі көшелер жөнделеді. Яғни, 355 шақырымға 8,5 млрд теңге қарастырылып отыр.

Сондай-ақ, бөлінген қаражатқа биыл Петропавлдағы 29 км жол жөнделеді екен. Атқарылатын жұмыс ауқымды. Оған жұмсалатын қаражат та былтырғыға қарағанда көп. Сол себепті, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын қадағалау жүйесін күшейту және күтіп ұстау үшін мамандар “Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы”-мен келісім шарт жасасыпты.

 

 

 

Бердимурат Баймухан