Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазан айында Тайыншада спорт кешені ашылады

Қамысы қаулаған, қоқысы қаптаған бұл жерді осыдан бір жыл бұрын тайыншалықтар айналып өтетін. Ал бүгінде 1 гектарлық бос аумақта қызу құрылыс. Бұл жергілікті жұрттың орындалып жатқан арманы десе болады.

Мәулітбек Есмұқанов – “Байсын-А” ЖШС учаске бастығы, Тайынша ауданы:

-Халық сырттан келіп, не салынып жатқанын сұрап жатады. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызып жатырмыз дегенде қуанып қалады.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешені мамырдан бері салынып жатыр. Әзірге, ғимараттың металл қаңқасы ғана құрылған. Ал іште не болады? Ұзындығы – 30, ені 18 метрлік спортзал, 160 жанкүйерге арналған трибуналар, волейбол мен баскетбол алаңдары. Бокс, күрес, тіпті фитнес пен йога залдары да жасалмақ. Мұндай әр алуандылық Тайыншада бұқаралық спорттың дамуына күшті серпін бермек. Өйткені, кешен есігі балалар мен ересектерге бірдей ашық болады. Тек қазанға дейін күте тұру керек. Кесте бойынша нысан дәл осы айда тапсырылуы тиіс.

Мәулітбек Есмұқанов – “Байсын А” ЖШС учаске бастығы, Тайынша ауданы:

– Жұмысшылардың бәрі осы елдің азаматтары. Ай сайын жалқыларынын кешіктірмей төлеп тұрамыз. Еңбектерін олар адал атқарып жатыр.

Келесім шартта атқарушы билік істе қолданылатын материалдардың кемінде 90 пайызы отандық болсын деген талап қойған. Ол орындалып жатыр деп сендірді Мәулітбек Есмұқанов ағамыз. Алайда, болашақ кешен құрылысының қазіргі деңгейіне қарасақ, мердігердің уақытында тапсырып үлгермейтін түрі бар. Учаске бастығы үлгереміз дейді, өйткені орталық су мен жарық ертерек тартылып, жылыту қазандығы орнатылып қойған. Қалған шаруаны екі айда атқарып шығу оп-оңай-мыс. Одан қалды, ғимараттың маңайындағы аумақта вело және жүгіру жолақтары жасалады, ал болашақта бөлек жабық хоккей кортын салу жоспарда.

 

 

 

 

Саят Ермек