МТРА жаңалықтарыБілім

Жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтар

Шағын жинақты мектептердің жайы бірден белгілі болды. Олар санитарлық талаптарды сақтай отыра, екі ауысымда жұмыстарын жалғастырады. Мектеп қабырғасында білім алу мүмкіндігі бастауыш сыныптарының оқушыларында да бар. Балаларға дәстүрлі түрде сабақ беру үшін өңір бойынша 2 мың кезекші топ ашылады. Біреуіндегі балалардың саны 15-тен аспауы тиіс. Ал 5 пен 11-ші сынып аралығындағы ұл-қыздар 4-ші тоқсанның тәжірибесін жалғастырады. Яғни, жаңа тақырыпты олар үйден шықпай-ақ, қашықтықтан меңгереді. Бұл ретте білім алушыларды және мұғалімдерді толықтай техникамен қамту жағы қарастырылуда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Компьютерлер жаңартылуда. Соңғы үш жылда 1 600 бірлік сатып алынды. Биыл карантин кезінде үнемдеу есебінен 580 компьютер алынып, оқушыларға таратылды. Оған қоса, тағы 14 мың бірлік техника аламыз. Бұл ноутбуктер, компьютерлер және планшеттер. Биыл алынатын техника соңғы 10 жылдағы компьютерлердің санымен тең.

Компьютерлер білім процесінің үздіксіз жүруі үшін оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға берілмек. Осылайша, техника мәселесі шешілді делік, ал интернет ше?

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде облыста 635 елді мекен бар. 437 ауылда кең жолақты интернет бар. Биыл тағы 133 ауылды сапалы интернетке қосамыз. Жыл соңына дейін 570 ауыл кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілмек. Бұл барлық ауылдардың 90 проценті. Кең жолақты интернетке мектептердің 96 проценттен астамы қосылған. Осыған байланысты «тәуекел тобына» кірмейтін мұғалімдер мектептерден, әрқайсысы өз кабинетінен жұмыс жүргізеді.

Оқушылардың білім платформаларын пайдаланып, ұстазымен кері байланыс орнатуына да интернет қажет. Ол үшін шалғай ауылдағы ұл-қыздарға 1,5 мың роутер мен USB-модемдер сатып алынбақ. Әрі жаңа тақырыпты қосымша теледидар арқылы да меңгеруге болады. Сабақтар таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жүргізілмек. Жаңа оқу жылындағы жаңашылдық колледждерді де айналып өтпеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыста 25 колледж бар. 3 колледж қашықтықтан жұмыс істесе, 12-сі аралас оқыту жүйесіне көшеді. Ауылдардағы 10 колледжде оқыту штаттық режимде өтеді.

Онлайнға көшкен қосымша білім беру ұйымдарының да қызметін жандандыруға рұқсат. Бірақ, штаттық режимде жұмыс істеймін дегендерге топтағы оқушы саны шектеулі. Бір мезетте тек 5 баланы қабылдауға мүмкіндік бар.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова