Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-ның атынан сайланған жаңа сенатор кім?

Саят Ермек – тілші:

– Парламенттің жоғарғы палатасына өңір атынан депутаттарды сайлау пандемия жағдайында өтіп жатыр. Санитарлық талаптардың бәрі сақталуда. Ғимаратқа кіріп-шыққан адамның дене қызуы өлшенеді. Сондай-ақ, есік алдында санитайзер тұр. Одан қалды әрбір азаматқа бір реттік маска мен қолғап таратылып жатыр.

Дауыс беру залында да бәрі өзгеше. Орындықтар әр екі метр сайын қойылған, ал ет үйренген кабинкалардың орнын мынадай үстелдер басыпты. Тіпті, сайлаушылардың әрқайсысына жеке қаламсап та таратылған. Біздің облыстан 1 мандат, өйкені сенатор Ольга Перепечина ханымның өкілеттік мерзімі қазанда бітеді. Оның орнын басуға ниеттілердің саны алғашында 5-еу болыпты.

Ерболат Бекшенов – облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

– Олардың үшеуі тіркелді. Кейін Қабиден Сәдуақасов өз еркімен арыз жазып, кандидатурасын алды. Қазіргі уақытта 2 депутат бюллетеньге енгізілді.

Үміткерлердің бірі – Ольга Перепечинаның өзі. Өкілеттігін ұзартпаққа ол сайлауға тағы түсіп отыр. Екіншісі – Данголе Могунова ханым. Екеуі де өздерін өзі ұсынған, екеуі де “Nur Otan”-дық. Бір ай бойы кандидаттар сайлаушыларымен, яғни жер-жердегі халық қалаулыларымен жүздесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Кім лайықты? Сайлау басталғанша депутаттардың бірқатарымен тілдескен едік. Көпшілігі таңдауын жасай келген сыңайлы.

Біржан Жалғасбаев – облыстық мәслихаттың депутаты:

 – Кімге дауыс беретінім анықталып тұр. Бірақ, ауысып кетуі мүмкін. Біз кандидаттармен кездестік, мен дауыс беретін үміткер менің көңілімнен шықты.

Павел Афанасьев – қалалық мәслихаттың депутаты:

– Мен дауыс беретін депутат өңірлерде өзін-өзі басқару деңгейі мәселесін көтерсе деймін. Жер-жердегі мәслихаттарға, қоғамдық кеңестерге көбірек билік беріп, өкілеттіктерін заңнамалық тұрғыда кеңейту керек деп санаймын. Жаңа сенатор осы мәселені мінберден көтерсе жақсы болар еді.

Солтүстік Қазақстан облысында 194 депутаттың дауыс беруге 187-сі келген. 7-уі белгілі себептермен төбе көрсете алмады. Сонымен, жәшік құлыпталды, депутаттар кезек-кезекпен бюллеттень алып, белгі қойып, сандыққа салып жатыр. 200-ге тарта сайлаушы дауыстарын әрі кетсе жарты сағаттың ішінде беріп бітті.

Жанар Таласпаева – қалалық мәслихаттың депутаты:

– Өзінің еліне, өңіріне үлкен жауапкершілікпен қызмет атқаратын, патриоттық сезімі бар кандидатқа дауыс бердім деп сенемін. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен назар аударып, заңдарды қабылдаған кезде жауапкершілік танытып, саралап-сараптаса дұрыс болады.

Ақ сандығым ашылды, ішінен бюллеттень шашылды. Дауыстар сайлаушылардың көз алдында саналды.

2 парақ бүлінген болып шықты, ал негізі депутаттардың 23-і Данголе Могунованы сенаторлыққа лайық деп тапса, 162-сінің таңдауы Ольга Перечинаға түскен. Бұл мәлімет әлі тексеріліп, ресми түрде жарияланады. Десе де, алдын ала нәтиже осындай. Дауыстардың 87,5 процентін жинаған Перепечина ханым Жоғарғы палатадағы креслоға алдағы 6 жылға кезекті рет жолдама алды.

Саят Ермек – тілші:

– Ал Қазақстан бойынша Сенаттағы 17 бос орын үшін сайлауға 46 кандидат түскен болатын. Тізімдерге сәйкес дауыс беруші депутаттардың саны 3 мыңнан асып жығылған. Айта кеткен жөн, Сенат депутаттарының сайлауы әр 3 жыл сайын өтіп, Жоғарғы палата құрамының тең жартысы жаңарып отырады. Келесі сайлау 2023 жылға жоспарланған. Ол кезде өңірімі здің атынан бұған дейін сайланған халық қалаулысы Ерік Сұлтановтың өкілеттік мерзімі тәмамдалмақ.

 

 

 

 

 

Саят Ермек