МТРА жаңалықтары

СҚО-да мемлекет меншігіне 23 мың гектардан аса жер қайтарылды

Солтүстік Қазақстан облысы – аграрлы аймақтардың бірі. Топырағы құнарлы, жауын-шашыны мол. Бірақ, сонда да өңірімізде кейбір шаруалар сол жердің ырысын жөнді пайдаланбай отыр. Биыл облыстық жер инспекциясы басқармасының мамандары 241 мың гектар жерге 100-ден аса тексеріс жүргізіпті. Оның 7,8 мың гектары жайылым жерлер болса, 3,1 мың гектар – егістік алқаптары. Нәтижесінде 51 бұзушылық анықталған.

Бейбітбек Жайлыбаев – СҚО жер инспекциясы басқармасының басшысы:

– Шаруашылықтар жерді дұрыс немесе мүлдем пайдаланбаған жағдайда бірінші жыл ескерту беріп және 200 АЕК-ке дейін айыппұл салдық. Екінші жылы тексерген кезде бұл учаскелердің қайтадан пайдаланбағаны анықталды. Үшінші жылы тексеруге барғанда істі соттың қарауына жібердік.

Осылайша биыл олқылықтарды түзеу мақсатында 1200-ге жуық ұйғарым жасалыпты. Ал ескертулерді елемеген жандарға 890 мың теңгеге жуық айыппұл салынған.

Бейбітбек Жайлыбаев – СҚО жер инспекциясы басқармасының басшысы:

– Сондай-ақ, Петропавлда 2 коммерциялық жер қайтарылды. Ол жерде кәсіпорындар мен дүкендер салыну керек еді. Ол ондаған жылдар бойы пайдаланылмай келген. Сондықтан, Жер кодексіне сәйкес сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылды.

Бейбітбек Жайлыбаевтың айтуынша биыл облысымызда 11,5 мың га жер келісім шарттарды бұзу арқылы мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал сот арқылы 11 мың 896 гектар учаске тәркіленіпті. Енді бұл аумақтар еңбек етемін деген басқа кәсіпкерлерге беріледі.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан